Азық-түлік қауіпсіздігін қалай қамтамасыз етеміз?
Бүгін Астанада ғалымдар осы мәселемен бас қатырды. Халықаралық конференцияға Қазақстан мен Ресейдің ғалымдарынан бөлек, еліміздің Үкімет мүшелері, Парламент депутаттары мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер қатысты. Селекционерлердің сөзінше, қазір қуаңшылыққа төзімді, өнімділігі жоғары дәнді дақыл тұқымдары шығарылып-ақ жатыр. Алайда жердің құнары төмендеген. Бірақ мұны елеп жатқан шаруалар аз. «Жерді тиімді пайдалануға құлықсыз», — дейді олар. Ал өз тараптарынан азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған 2028 жылға дейінгі кешенді жоспар әзірлепті. Бірақ оны шаруалардың араласуынсыз іске асыру мүмкін емес.
Саяхат Нөкешев, Ұлттық аграрлық ғылыми білім беру орталығының басқарушы директоры:
-Аграрлық ғылым саласы өз міндетін орындап отыр. Ендігі мәселе фермерлерде. Түрлі сынақтан өткізіліп, жергілікті жерге бейімделген тұқымдарды себуі тиіс. Тиімділігі жоғары тың технологияға басымдық беруі қажет. Бірақ оларды да түсінуге болады. Көбіне шағын шаруашылықтардың қаражаты жетпей жатады. Яғни жаңашылдықты енгізетін, тіпті, оны ойлайтын шамасы жоқ.