Бақтың бабын білетін биологтың қызметте жүргеніне 32 жыл болды
Саябақтың сәнін келтіру де зор еңбек. Өскемендік Софья Бочагова 30 жыл бойы түрлі өсімдіктерді жерсіндіріп, ландшафтық дизайнмен айналысады. Жап-жасыл болып жайқалған демалыс орындары көпшіліктің сүйікті орнынан айналған. «Әр гүлдің, әр түп талдың тарихынан хабардар биолог осындай әдемілік үшін қысы-жазы күресуге тура келеді»,— дейді. Өйткені әр желектің өз қасиеті, өз күтімі бар.
Мына сәні мен салтанаты келіскен бақ Софья Бочагованың туындысы. Осы қызметте жүргеніне 32 жыл болды. Кішкене кезінен жасыл желекке құмар болып өскен ол ақыры соған сай мамандықтың иесі атанған. Биолог ландшафтық дизайнмен айналысады. Әр түп өсімдіктің дұрыс егілуі, жақсы күтілуі ол үшін аса маңызды.
Софья Бочагова, сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығының бөлім меңгерушісі:
-Менің жұмысым — менің өмірім. Тіпті балаларым мені осы саябақтардан қызғанады кейде. Сен бізден көрі осы гүлдеріңді, талдарыңды көп ойлайсың деп. Әрине мен солай істеймін. Өйткені бұл өсімдіктер тілсіз ғой. Ауырғанын да, шөлдегенін де айта алмайды. Ал мен оның бәрін сеземін. Қайсына не керек екенін жақсы білемін.
Бақтың бабында тұруы — осындағы үлкен ұжымның еңбегі. Осы Жастар паркінің ішінде қиыр шығыс елдерінде ғана өсетін қыруар өсімдік жерсінген. Магония, Аралия, Катальпа, Барқыт ағашы бәрі бар.
Софья Бочагова, сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығының бөлім меңгерушісі:
-Осы желектің барлығын қыс бойы қымтап, аяздан қорғап шығамыз. Күзде тұқым теріп, ішін тазалаймыз. Түрлі аурулар мен зинякестерден емдейміз. Көктемде қайта егеміз. Барлық шаруа кесте бойынша жүреді.
Әйтпесе саябақтан сән кетеді. Демалыс орнының әсемдігіне сонау Ресейдің Алтай өлкесінен көшіп келген Күлзада әжей де сүйсінеді. Нағыз экзотика деп тамсанады.
Күлзада Бежекенова, қала тұрғыны:
-Араладым көрдім, жүрдім. Өте тамаша, жақсы бәрі гүлдері тамаша, көңіл күйі көтеріледі гүлдері жақсы бәрі жақсы.
Софья Бочагова экологиясы ауыр қалаға осындай бақтың бірін емес, бірнешеуін егу керек деп санайды. Сондықтан саябақ қызметкерлерін ынталандыруға жіті көңіл бөлінсе деген пікірде. Мұражай ісінің үздігі енді өз кәсібін ұл мен қызына да үйретіп жүр.
Авторлары: Эльмира Ахметова. Дмитрий Пыхтин