Жетісу облысында заңсыз аңшылық тыйылмай тұр
Жетісу облысында заңсыз аң аулаушылар жануарлар дүниесіне 1 млрд 300 млн теңге шығын келтірген. Оның 200 млн теңгесі сот шешімімен өндірілді. Қалған құқық бұзушылықтар бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қорықшылар мен испекторлар жыл басынан бері 800-ден астам рейд ұйымдастырып, 200-ге тарта табиғат қорғау заңнамасының бұзылу дерегін анықтады. 4 жеке тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Жетісу облысында 50 аңшылық шаруашылығы бар. Онда 500-ге жуық жан-жануар мен құс түрі мекен етсе, соның 21 түріне аңшылық жасауға рұқсат етілген.
Дидар Байтелиев, облыстық Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы:
-Аңшылық шаруашылықтарына бекітілген аумақтарда ғана аң аулауға рұқсат етіледі. Тұяқты жануарларды атуға шыққанда жаныңызда міндетті түрде қорықшы болуы тиіс. Ал заңды бұзғандар қатаң жауапкершілікке тартылады. Әкімшілік хаттама бойынша мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынса, қылмыстық істер бойынша 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Оған қоса дүние-мүлкі тәркіленетінін де ескерте кетейін.