Медициналық сақтандыруы жоқ азаматтарға көлік жүргізуге тыйым салынбақ
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруы жоқ азаматтарға көлік айдап, қару сақтауға тыйым салынуы мүмкін. Мәжілістегі Үкімет сағатында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният осындай ұсыныс айтты. «Егер сақтандырылмаған азаматтарға шектеулер енгізсек, қордың қаржылық тұрақтылығы артады»,-дейді министр. Ал елде 3,3 млн жанның медициналық сақтандыруы жоқ. Оларды медициналық қызметпен қамту үшін қандай жоспарлар қабылданбақ?
«Ауруын ұмытып қалатын жағдайға жетеді». Депутаттар Мәжілістегі Үкімет сағатында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын осылай деп сынға алды. Тіпті көмек алам дегенше жынданып кете жаздған науқастың хатын оқыды.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- «Биыл өз басымнан өткен оқиғаны қараңыз»,-дейді. Ауырып терапевтке жазылдым. Ол онкологқа жіберді. Онкологқа кезек күтіп бардым. Онколог: «Анализ тапсыру керек»,- деді. Анализге направлениені тек терапевт береді екен. Қайтадан терапевтке жазылдым. Одан направление алдым. Сөйтіп онкологқа қайтадан бардым, ол облыстық ауруханаға жіберді. Ол жаққа тағы жазылдым. Барсам, «қосымша анализ тапсыру керек»,- деді жұмсақ ткань, направлениені терапевт береді екен. Қайтадан терапевке жазылып, қайтадан терапевтке бардым. Одан направление алып, областной больницаға бардым. Сөйтіп 3 ай жүрдім. Сол 3 айда жынданып кете жаздадым», - дейді.
Қазақстандықтар емделуге қаржыны өз қалтасынан жиірек жұмсайтын болған. Бұл дерек соңғы 2 жылда ғана 27%-ден 31%-ке дейін өсіпті. Қызмет сапасы төмендеген, ал ауруханалардың кредиторлық берешегі көбейген. Бәріне «шектік шкала кінәлі»,-дейді депутат.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Адам қашан ауыратынын, қашан аяғын-қолын сындыратынын жоспарламайды ғой. Ауруханаға келген науқасқа «Шектік» шкала шеңберінде осы айда ақша таусылды деп, келесі айларды күту керек деп түсіндіру де нонсенс.
Былық шаш етектен. Бақытжан Базарбек әлі күнге дейін медициналық көмек «алып жүрген» марқұмдар бар екенін айтты.
Бақытжан Базарбек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Астана қаласының Прокуратурасы 2023 тексеріс жасаған. Ол тексерістің нәтижесінде 2500 адам заңсыз «мертвые души»,- дейді, өлген адамды қоя берген. Яғни іс жүзінде ауырмаған адамдар, кейбірі қайтыс болып кеткен, кейбірі Астана қаласында тұрмайды. Бірақта олар медициналық қызмет алып жүрді. Енді нәтижесінде бюджетке жүздеген млн теңге шығын келтірілді.
Ал марқұмдардың өзі «ем алып жүргенде», 3,3 млн тірі адам міндетті әлеуметтік сақтандыру қорынан тыс қалған. Сараптама нәтижесі бойынша оның 800 мыңнан астамы ауқатты екені анықталды. Министр: «Бұл мәселені халықтың жалпыға бірдей декларациясы аясында шешуге болады, 700 мыңдай азамат жүйеге енгізіледі»,- дейді.
Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Қазіргі таңда бұл азаматтар МӘМС жүйесіне ғана емес, басқа да салықтарды төлемей отырған адамдар. 1,5 млн адам көбіне ауылдардың адамдары. Сондықтан бұл адамдарды сақтандыру бюджет есебінен болсын деген ұсыныс енгізіп отырмыз. Біздің санауымыз бойынша 77-80 млрд теңге керек осы адамдарды қамту үшін.
Бұдан бөлек қорға жасалатын аударымдардың жоғары шегін алып тастау ұсынылды. Себебі қазір 700 мың теңгеден жоғары жалақы алатын азаматтар шамадан тыс ақша аудара алмайды. Салмақ жұмыс берушілерге түседі деген қауіп бар. Оның үстіне сақтандырылмаған азаматтарға көлік айдап, қару сақтауға тыйым салынуы бек мүмкін. Бастысы – 2025 жылға қарай сақтандырылған азаматтардың санын 95% жеткізу көзделген.
Авторлары: Дана Әлиева, Аян Сәрсенбаев