Кеншілер зейнетке 55 жастан шығуы мүмкін
Жаңа жылдан бастап кеншілер 55 жастан зейнетке шығуы мүмкін. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова тілшілерге берген сұхбатында айтты. Елімізде мұндай үміткерлердің саны шамамен 46 мың. Жалпы шахтёрлардың зейнет жасын төмендету ұсынысы, біраздан бері көтеріліп жүр. Министр: «Мәселе жыл соңына дейін шешіледі»,— деп сендірді. Жаңа өзгерістерге сай кеншілер 55 жастан асса және 7 жылдық зейнетақы аударымы болса, зейнетке шығуға құқылы. Ал зейнетақы мөлшері әлі пысықталып жатыр.
Светлана Жақыпова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
-Төлем үш көзден құралады. Біріншісі — республикалық бюджет. Ол бойынша тиісті қаржыға өтінім беріп рәсімдеп қойдық. Енді қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен өмірді сақтандыру компаниялары да ақша бөлуі тиіс. Осылардың жинақталуымен зейнетақы көлемі қалыптасады. Қазір тиісті есептеулер жүріп жатыр. Сондықтан нақты сан кейінірек белгілі болады.