Елімізде 15 су қоймасы жаңартылады
Елімізде 15 су қоймасы жаңартылып, жиырмасы жаңадан салынбақ. Бұл туралы журналистермен кездескен, су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов айтты. Алдағы уақытта шамамен 3,5 мың шақырым су арналары жаңғыртылмақ. Егістік алқаптарын сумен қамтамасыз етуде және табиғи нысандарды сақтауда, көршілес елдермен суды пайдалану ынтымақтастығын сақтау маңызды. Министрліктің құрамында ұлттық гидрогеологиялық қызмет қайта құрылып жатыр. Бұл өз кезегінде аталған саладағы ысырапшылдықтың алдын алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ су шаруашылығын басқару жүйесі де толық реформаланбақ.
Нұржан Нұржігітов, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі:
-Министрлік жаңа редакцияда Су кодексін әзірлеуде. Бастапқы кезеңде ұлттық заңнама және су ресурстары саласындағы халықаралық тәжірибе зерттелді. Қолданыстағы су заңнамасының әлсіз жақтарын анықтау үшін Бассейндік инспекцияларға жұмыс сапарлары жүзеге асырылды. Су кодексінің жобасында ирригация және дренаж, сумен жабдықтау және су бұру, бөгеттердің қауіпсіздігі бойынша жаңа бөлімдер әзірленуде.