Арқадағы өңірлерде жылыту маусымы басталды
Арқадағы өңірлерде жылыту маусымы басталды. «Ұлытау және Қарағанды облыстарындағы «Қазақмыс» корпорациясына қарасты 4 бірдей жылу орталығы қыс мезгіліне сақадай сай»,— дейді жауаптылар. Тиісті жөндеу жұмыстары жүргізілген, қажетті көмір қоры да бар.
Ұлытау облысына қарасты Сәтпаев қаласына жылу беретін орталықта биыл біраз жөндеу жұмыстары жүргізілген. Мәселен, үш бірдей қазандық пен үш турбина қалыпқа келтірілді. Ал бірнеше аптадан кейін тағы 2 қазандық іске қосылады. Одан бөлек құбырлар да жаңартылыпты.
Мирас Әбдікәрімов, стратегиялық жобалар жөніндегі топтың жетекшісі:
-Қысқы мерзімге дайынбыз. Бүгінгі таңда бес турбинаның үшеуі ағымдағы жөндеуден өтті. Біреуінде күрделі жөндеу болып жатыр. Қараша айының соңына дейін бітіреміз деп жоспарлап отырмыз. Котло-агрегаттардың алтауының үшеуі ағымдағы жөндеуден өтті. Екеуі күрделі жөндеуде, біреуі ағымдағы жөндеуде. Бір күрделі жөндеу қазан айының соңына дейін бітіруге тырысамыз.
Осындай жөндеу жұмыстарының барлығына компания 12 млрд теңгеге жуық қаржы жұмсаған. Нәтижесінде құрылғылар мен қондырғылардың 70% астамы жаңарыпты. «Жезқазған қаласына жылу таратып отырған орталық та қазір сақадай сай дайын»,— дейді мамандар. 240 мың тонна көмір, 1400 тонна мазут қоры бар.
Ал «Топар» жылу орталығы болса, 100% дайын. Құйылған қаржы көлемі 6 млрд теңгеге жуықтайды. 1 қазаннан бастап Абай қаласы мен Топар ауылына жылу берілген. Балхаш жылу электр орталығындағы жөндеу жұмыстары келесі айда толық аяқталады.
Ермек Жұмақанов, Балхаш ЖЭО Бас инженерінің орынбасары:
-Жылу маусымына 3 қазандық және 3 турбинамен кіреміз. Осы айда төртінші қазандық іске қосылады. Ал қарашада барлығы бірдей жұмыс істейтін болады. Бұл мақсатқа «Қазақмыс» компаниясы 2,5 млрд теңгеге жуық қаржы бөліп отыр.
Осылайша, «Қазақмысқа» қарасты барлық жылу беру нысандарына жөндеу жүргізген компания өкілдері биылғы жылыту маусымы сәтті өтеді деп сенеді.
Авторлары: Дамир Берікұлы, Құдайберген Аймырза.