Хабар телеарнасы

Абай облысында 200 жылдық тарихы бар, проблемасы жоқ ауыл бар

Жолдардың барлығына асфальт төселген, интернет тартылған. Суы сарқырап, көшелері жарқырап тұр. Ең бастысы, мұнда жұмыссыз жүрген адам жоқ. 

Мамырсу ауылының тумасы Серік Әлжекеев дәнекерлеуші. Қолы алтын азамат күнделікті тұрмысқа, шаруашылыққа қажет техниканың түр-түрін жасайды. Әсіресе ірі қараны таңбалауға, егуге арналған жабдығына сұраныс жоғары.

Серік Әлжекеев, ауыл тұрғыны: 
-Ауылда жұмыс жоқ деген бос сөз. Ауылда жұмыс көп. Ең бастысы істесеңіз болды. Осы темірмен айналысып жүргеніме 15 жылдан артық болды. «А» дегенде цехтан бастағанбыз. Енді міне өздеріңіз көріп жатқандай құрылыс жасап жатырмыз.

Мамырсу ауыл тұрғындарында тыным жоқ. Қазір елді мекенде мектеп түлектерінің бастамасымен бес бірдей аялдама салынып жатыр.

Айдос Әбдірахманов, ауыл тұрғыны:
-Ауылдың азаматтары жаңбырдың астында тұрмайық жерде тұрсын деген мақсат болған. Сол ауылымызға кішкентай болса да өзіміздің көмегіміз болсын деп ауылдың 2001 жылғы түлектері осындай аялдама қойып жатырмыз.

Мамырсу жылдан жылға үлкейіп келеді. Қазір ауылда 10 отбасына арналған бес қоржын үйдің құрылысы жүріп жатыр.

Тілеукен Әлжекеев, ауыл әкімі:
-Бұл үйлердің бәрі ертеңгі күні жоқ-жітіктерге, мұқтаж жандарға, көпбалалы аналарға берілетін болады. Алдағы уақытта тағы 5 екі пәтерлі үй салсақ па деп отырмыз. Өйткені, көшіп келушілер көп. Қалаға өте жақын. Ыңғайлы жер.

Ауылда салауатты өмір салтын ұстануға барлық жағдай жасалған. Елді мекендегі спорт кешенінде балалар қолғап түйістіріп, боз кілемде белдеседі. Ал Мәдениет үйінде әртүрлі іс шаралар жиі өтіп тұрады. Мұнда өңір тарихынан сыр шертетін мұражай да бар. Жергілікті өлкетанушылардың айтуынша, Мамырсудың тарихы 1831 жылдан басталады. 3 мыңға жуық халық тұрады. Ауыл тұрғындары негізінен мал шаруашылығымен айналысады.

Бақытхан Маданова, ауыл тұрғыны:
-Міне, ауылда осылай сиырымызды сауамыз, құрт май өзімізде. Бәрі таза өнім. Өзімізден шығады бәрі. Денсаулыққа пайдалы.

Қаймағы бұзылмаған Мамырсудың бүгінгі тыныс-тіршілігі осындай. Бұл елді мекеннің өнімдері ғана емес, адамдарының да жаны таза. Ауылдың берекесінің тасып, бірлігінің асып жатқаны да содан болса керек.

Авторлары: Азамат Қасым, Медет Өмірханов