Санитарлық авиация биыл 12-ші жыл тұрақты жұмыс жасап келеді
Тәуелсіздік алғаннан кейін елімізде пайда болған жаңа қызметтің бірі – санитарлық авиация. Биыл 12-ші жыл тұрақты жұмыс жасап келеді. Жыл сайын өмірі қыл үстінде тұрған мыңдаған адам оның қызметіне жүгінеді. Дәрігерлеріміз еліміз бойынша тіпті шетелге де шығып, ауыр науқастарға көмек көрсетіп, медициналық орталықтарға жекізеді.
Ұшқыр топ. Санитарлық авиация дәрігерлерін осылай атайды. Орталыққа тәулігіне 3–15 дейін шақырту түседі. Оған шығар алдында тиісті дәрі-дәрмек пен құрал-жабдық қамдалады. Себебі науқас ұшаққа кірген сәттен бастап осы мамандардың жауапкершілігінде болады.
Назигүл Ырымбаева, медициналық блок меңгерушісі:
-Әуе кемесінде келе жатқанда қандайда бір асқынулар болатын болса науқастың жағдайын тұрақтандырады. Медициналық сөмкелерін алып көмектесе алады жол бойы.
Ал енді осы қызметтің қалыптасу тарихына тоқталсақ. 1870 жылы Парижде жараланған сарбаздар алғаш рет әуе шарымен тасымалдапты. Дәрігерлер сол арқылы оның тиімділігін түсінді. Уақыт өте бұл мақсатқа ұшақтар қолданылды. Санитарлық авиация Қазақстанда 2011 жылдан бері тұрақты негізде жұмыс жасауда. Сол кезде небәрі 219 адам тасымалданған.
Кейін бұл сан еселеп өсті. Мәселен, тек биылдың өзінде 1900 ұшу орындалған. Әуе көліктерінің паркінде қазір 19 ұшақ, 13 тікұшақ бар.
Ержан Әділбеков, Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы Басқарма Төрағасының орынбасары:
-Әуе кемелерінің түріне қатысты айтар болсақ ол Ан-2, L-410 ұшағы, заманауи Pilatus, Як-40 тағы басқа. Тасымалдау кезінде ең алдымен ана мен балаларға басымдық беріледі. Қазақстанмен шектелмейміз. Шетелге де шығамыз. Былтыр 15 елге бардық. Биыл 7 мемлекеттен отандастарымызды жеткіздік.
Бұл тізімде Корея, Түркияны айтпағанда шалғайда орналасқан АҚШ пен Вьетнам сияқты елдерде бар. Айта кетейік, санитарлық авиация барлық отандасымыз үшін тегін. Талап біреу – медициналық анықтамалар арқылы науқастың осы көмекке мұқтаж екендігі расталуы қажет. Бұл құжаттар емдеуші дәрігеріңіз арқылы өтіншке қоса жіберілуі тиіс.
Назигүл Ырымбаева, медициналық блок меңгерушісі:
- Аға дәрігер қандай қызмет керектігін анықтайды. Кеңес беру керек па, ота жасау керек па ол науқасқа немесе тасымалдау. Аудандағы мамандар біліктілігі төмен болғандығы немесе жабдықтардың жетіспеушілігі себепті Астана немесе Алматыдағы орталыққа жеткізіледі.
Ержан Әділбеков, Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы Басқарма Төрағасының орынбасары:
- Ендігі жоспарымыз өзімізге қарасты көпбейінді аурухананы іске қосу. Ол жерде 24 бағытта жұмыс жасайтын мамандар құрамы жасақталады. Сол кезде науқастарды қазіргідей әртүрлі қалаға және ауруханаларға тасымалдамай бірден сол жерге жеткіземіз.
Мамандардың сөзінше өмірі қыл үстінде тұрған науқастарды құтқару мүмкіндігі осы арқылы арта түседі. Орталық 12 операциялық бөлме және заманауи құралдармен жабдықталады. Жоспар бойынша аталмыш ғимарат осы жылдың соңына дейін пайдалануға берілуі тиіс.
Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Аманжол Байғазин