СҚО-да өртке қарсы қондырғылар орнатылды
Соңғы кездері елімізде улы газға уланып қайтыс болу деректері жиілеп кетті. «Мамандар мұны газ және жылыту қондырғыларын қолданудағы қауіпсіздік ережелерінің сақталмауынан»,- дейді. Солтүстік Қазақстан облысында әлеуметтік жағдайы төмен 500 аса отбасының үйіне өртке қарсы қондырғылар орнатылды. Ол пештен түтін шыққан сәтте бірден дабыл қағып, белгі береді. Айдарбек Айтмұхамбетұлы жалғастырады.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:
- Қаланың қақ ортасындағы халық арасында «Копай» деп аталып кеткен ықшам ауданда 100 жуық жер үй бар. Олардың басым бөлігі өткен ғасырдың орта тұсында салынған. Бір қызығы – бұл жақта көше атауы жоқ. Сондықтан өрт бола қалса, өрт сөндірушілер мекенжайды таппай әлекке түседі.
Осындай ескі үйлердің бірінде Ольга Касьяненко жалғыз тұрады. Зейнеткер қысқа дайын. Отын, көмірі алынған. Пеші сыланып, мұржасы тазаланған. Мамандар сонда да оның үйіне өртке қарсы датчик қойды.
Ольга Касьяненко, қала тұрғыны:
- Пешке өзім қараймын ғой, бірақ үй ішіндегі ескі сымнан қауіптенемін. Сондықтан өртке қарсы құрылғының болғаны дұрыс. Өйткені көршілерімнің үйі тозығы элетр желілерінен өрт шығып, жанып кетті.
Петропавлда осындай 6 шағын аудан бар. Қыс алдында мамандар рейдтік шараларды күшейтіп, тұрғындардың пешін тексереді. Ал жағдайы жоқ, көпбалалы отбасылар мен жалғыз тұратын зейнеткерлерге осындай құрылғылар орнатып береді.
Бекзат Сердалинов, қалалық ТЖБ аға инженері:
- Жер үйдің тұрғындары пешті ұйықтар алдында жағып жатады. Газы иісі сол кезде тараса, өртке қарсы датчик дабыл қағады. Ал бұл олардың өмірін сақтап қалады.
Өртке қарсы датчиктер мемлекет есебінен тегін орнатылады. Жалпы жыл басынан бері Петропавлда 100 аса өрт оқиғасы болған. «Көбіне жер үйлер жанды», - дейді мамандар.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков