А. Мұхамедиұлы тағы күдікке ілінді
Арыстанбек Мұхамедиұлының үстінен тағы бір іс қозғалуы мүмкін. Ол мемемлекет меншігін қасақана арзанға сатты деген күдік бар. Мұны Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Арман Тілеукенов мәлімдеді.
Мәселе «Көшпенділер» фильмі үшін тұрғызылған бекініске қатысты. Алматы облысы, Іле өзенінің жағасындағы Түркістанның көшірмесі 2005 жылы салынған. Ол жерде бірнеше тарихи кино түсірілді. Ал 2017 жылы жеке компанияға нарықтағы құнынан 44 есе арзан сатылған. Сол факт бойынша әуелі «Қазақфильмнің» экс-президенті алаяқтық жасады деген күдікке ілінген еді. Тергеу жалғасып жатыр. Енді бұл іске бұрынғы Мәдениет министрінің де қатысы бар болуы мүмкіндігі айтылды.
Арман Тілеукенов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі:
- Ол нысан бюджет қаражатына салынған. Антикор сол актив пен жер телімін мемлекетке қайтаруды көздеп отыр. Оны сатып алған компанияның бұрынғы Мәдениет және спорт министрімен байланысы бар деген ақпарат қазір тексерілуде. Сол бойынша Мухамедиұлының үстінен жаңа іс қозғалуы мүмкін. Басқа мәліметтер тергеу мүддесіне байланысты жарияланбайды.