Павлодар облысында жауапсыз мердігерлердің олқылықтары анықталды
Павлодар облысында Ұзынбұлақ ауылы мен республикалық маңызы бар «Қалқаман-Үміткер-Ульяновск» жолын жалғайтын учаскеде олқылықтар анықталды. Жергілікті билік нысанды қабылдамас бұрын зертханалық сараптама жүргізіп, құрылыс материалдарының сынамасын алған. Нәтижесінде жол жөндеу технологияларының сақталмағаны белгілі болды. Әрі асфальт жабындысының кей жерлері бұзылған. Атқарушы билік өкілдері мердігерге ескерту хат жолдады. Кемшіліктер түзетілмесе, тапсырыс беруші кәсіпкерді сотқа бермек. Айта кетейік, жауапты орган жыл басынан бері 212 жол учаскесін тексерген. Нәтижесінде 323 ақау анықталды.
Ерлан Қалымов, «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК облыстық филиалының директоры:
-100 шаршы метрге жуық автомобиль жолдарының бұзылуы анықталған болатын. Сонымен қатар төрт шақырымға жуық жол жиегінің тығыздалмағаны анықталған. Бұл учаскеден біздің лабораториядан 12 керн асфальт бетон жабырдысы алынған. Олардың да нәтижесі стандарттарға сәйкес емес болып шықты.