Қарағанды облысында 315 азамат жұмысқа орналасты
Қарағанды облысында жұмыс беруші өздеріне қажетті мамандарды өздері оқытып, жұмысқа ала бастады. Мемлекеттің «Кәсіпкерлікті дамыту» ұлттық жобасы аясында 400-ден астам азамат қысқа мерзімді курс оқып, білімін жетілдірген. Нәтижесінде биыл 315 азамат тұрақты жұмыспен қамтылды. Өңірде қандай мамандықтарға сұраныс жоғары? Қысқа мерзімді курс қанша айға ұласады?
Бұл Саран қаласындағы шағын баспанаханалардың бірі. Осындағы жұмысқа қажетті оператор, редактор аппаратшысы, кітап қаптаушы сынды мамандарды табу қиынның қиыны. Себебі жастар бұл салаға бара бермейді. Эльмира Волкова осыған дейін мектептердің бірінде бағдарламашы болып жұмыс істеген. Бірақ баспа ісіне бала кезден қызығыпты. Жақында осы кәсіпорынның ішіндегі оқу орталығынан білімін жетілдіріп, жаңа маман иесі болып шықты.
Эльмира Волкова, кітап қаптаушы:
-Қағазбен жұмыс істеген маған ерекше ұнайды. Қағаздың, кітаптың иісін ұнатамын. Сондықтан осы салада жұмыс істеп көргім келді. Ұжымымыз тату, айлықты уақытында төленеді.
«Қысқа мерзімді кәсіптік оқыту» жобасы жұмыс берушілердің оқыту орталықтарында жүзеге асырылады. Алдымен кәсіпкер «Мансап» орталығына барып, қандай салада жұмысшы керек екеніне өтініш береді. Кейін кадрды өзі оқытып алуы тиіс. Мысалы осындағы 150-ге жуық маманның тең жартысын осы жоба аясында білім алған.
Владимир Алескеров, кәсіпорынның бас директоры:
-Бізге келгендер болашақ жұмыс орнына бірден үйрене бастайды. Ол бірден қажетті құрылғымен жұмыс істейтіндіктен тәжірибе жинайды. Кейін ұнаса осында қалады. Жұмыс беруші ретінде біз маманды оқып жүрген кезінен-ақ дайындап аламыз.
Үш ай немесе жарты жылдық оқу бағдарламасы бойынша мемлекет болашақ маманға шәкіртақы төлеп, жол шығындарын өтейді. Биыл облыс бойынша 600-ге жуық адам білімін жетілдірген.
Дәурен Қошқаралиев, «Еңбек ұтқырлығы» орталығы басшысының орынбасары:
-Жұмыс берушілер 3-6 ай оқытады да, міндетті түрде жұмысқа алуы керек. Егер жұмысқа алмаса, соц. контракт аясында ол мемлекет берген бүкіл субсидияны қайтаруы керек.
Биыл өтініш берген 600-ге жуық азаматтың 320-сы тұрақты жұмысқа орналасты. Нарықта көбіне тігінші, аспаз және техникалық мамандарға сұраныс жоғары.
Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар