Талдықорған қар астында қалды
Талдықорғандағы коммуналдық кәсіпорындар кешелі бері қала аумағынан 1500 текше метр қар шығарды. 3 күннен бері толассыз жауған ақ ұлпаның қалыңдығы 25 сантиметрге жеткен. Жауапты мекемелер қала көшелері мен жаяу жүргіншілер жолын қардан дер кезінде аршып үлгермей жатыр.
Таңертең 70 техника қала көшелерін қалың жауған қардан тазартуға кірісті. 3100 тонна құм мен 1200 тонна тұз дайындалып, инертті материалдар көше бойына үздіксіз шашылып жатыр. Дегенмен коммуналдық кәсіпорындардың жұмысына қала тұрғындарының көңілі толар емес.
Шәймерден Манасбаев, қала тұрғыны:
- Жаяу жүргіншілер жолы енді таза емес, тазаланбаған. Ал былай құм себіліп, бәрі дұрыс. Енді менің айтарым – мына үлкен трасса жаққа кішкене көңіл бөлсе. Әсіресе мына светофор, жолдың бойында Бақтыбай ауылы бар, арғы жағында Кировск. Остановкаларға құм себілсе деймін.
Мамандардың айтуынша, Жетісу облысының орталығындағы жолдарды қысқы мезгілде күтіп ұстау жұмыстарына 87 бірлік техника мен 200 жуық адам жұмылдырылады. Қаланың қысқы мезгілдегі тазалығына 3 мердігер ұйым жауап береді. Жолдарды күтіп ұстау жұмыстарына жергілікті бюджеттен 370 млн теңге бөлінсе, қазір соның 70% игерілген.
Нұрбақыт Алтынбеков, қалалық автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөлімінің басшысы:
-Қазір күндіз-түні екі сменде жұмыс жүргізіліп жатыр. Үлгергенінше күреп жатыр қазір. Бірінші, кешеден бастап жолдарды ашып бердік барлық жолдарды. Инертті материалдар себілген. Қала өскен сайын техникалар жетіспеушілігі бар, бірақ үлгеріп жатырмыз. Жаяу жүргіншілер жолы бойынша бізде 8 «Пони» автокөлігі бар. Жолдар ашылып жатыр.
Ардақ Айбарұлы, тілші:
- Жаяу жүргіншілер жолын қардан аршуға арналған шетелдік техника әзірге қаланың негізгі көшелері мен орталығында жүр. Міне, өздеріңіз көріп тұрғандарыңыздай, шағын аудандарға әлі жетпеген. Қазір сәл толастағанымен, мекемелердің алдында күрелген қар әлі тау болып үйіліп жатыр. «Сондықтан қала аумағынан қар шығару жұмыстары әлі жалғасады»,– дейді мамандар.
Ардақ Айбарұлы, Олжас Байбосынов