Елімізде кеме құрастыру зауыты салынады
Үкімет отырысында болашақ кеме жасау кәсіпорны Каспий теңізі жағасында жайғасатыны туралы жоспар айтылды. Келешекте жаңа кеме жасап қана қоймай, ескісін жөндеуге де мүмкіндік туады.
Қазірдің өзінде 150 су көлігінің тозығы жеткен. Ал оларға деген сұраныс өсіп келеді. Биыл 11 айда теңіз порттары арқылы жүк тасымалдау көлемі 6,5 млн тонна болған.
Мамандардың бағалауынша, бұл көрсеткішті әлі де өсіруге мүмкіндік бар. Ол үшін келер жылы Құрықта, ал 2025 жылы Ақтауда теңіз түбін тереңдету жұмыстары қолға алынады. Сол арқылы ірі кемелерді қабылдай аламыз.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі
- Жалпы теңіз порттарымыздың әлеуеті өте жоғары. Олар арқылы қазіргіден 3 есе көп жүкті ауыстырып тиеуге болады. Сондықтан елдегі инфрақұрылымның мүмкіндіктерін барынша тиімді пайдалану үшін талапқа сай келмейтін жерлердің бәрін ретке келтіру қажет. Атап айтқанда, кемелердің, әсіресе паром тапшылығын шешуге тиіспіз.