Ауа райының қолайсыздығына байланысты республикалық жедел штаб құрылды
Еліміздің оңтүстік өңірлерінде боран басылар емес. Осыған байланысты Жамбыл, Алматы және Түркістан облыстарында республикалық маңызы бар жолдар жабылып, жүргізушілерге жолға шығуға шектеу қойылды. Салдарынан тас жолдарда тұрған көліктер ұзындығы бірнеше шақырымға созылған.
Қатты аяз бен қалың қардың түсуіне байланысты Жамбыл облысындағы республикалық маңызы бар жолдар уақытша жабылды. Қазір көліктерге жолға шығуға шектеу қойылды. Мәселен, біз қазір Тараздан Шымкент бағытына барар жолда тұрмыз. Мұнда қазір 500-ден аса көлік кептелісте қалған.
Жуалы ауданындағы Күйік асуы мен Қордай ауданында қарлы боранның екпіні сағатына 40 шақырымға жеткен. Сондықтан аймақта жүк көліктеріне 3 күн бұрын жолға шығуға тыйым салынса, 2 тәуліктен бері барлық автомобильдер кері қайтарылып жатыр. Жолда қалған жолаушылар үшін облыс аумағында 65 жылыту пунктері ашылды. Арнайы штаб құрылып, қауырт желі іске қосылды.
Әли Әмитов, жүргізуші:
-Қайта-қайта машинаны оталдырамыз. Өшіруге болмайды. Солярка бітіп, қызыл жанып жатыр. 1,5 тәулік болды тамақ жоқ. Артқа қайтуға мүлде мүмкіндік жоқ.
Ғабит Мамытқұлов, жүргізуші:
-Алматыдан шыққанымызға 2 күн болды. Ұзынағаштан тоқтадық. Отарда тұрдық. Кеше осы жерге кешкі сағат 6-да келгенбіз. Содан бері әлі тұрмыз. Жол жабық, мына жақта өткізбей жатыр.
Түркістан облысында да боран басылар емес. Өңірдегі Төлеби, Түлкібас, Қазығұрт, Созақ, Сайрам және Бәйдібек аудандарына қатынайтын 12 облыстық, 1 республикалық маңызы бар жол жабық. Шақпақ баба елді мекені маңында 100-ге жуық көлік жол бойында тұр.
Талғат Досалиев, облыстық ТЖД басқарма бастығы:
-ПД және жол қызметінің күштерімен жолда қалған 287 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Оның ішінде 35 бала. Қауіпсіз жерге көшірілген адамдар Түлкібас ауданындағы Сазтөбе мешітіне, Жаскешу ауылына және М. Әуезов атындағы университет жатақханасына орналастырылды.
Ал Қызылорда облысында жолда қалған 62 жолаушы құтқарылды. Олар мінген автобус Қазалы ауданының тұсына келгенде істен шыққан. Қатты аяз салдарынан жанармайы қатып қалыпты. Дүлей дауыл Қызылорда қаласындағы бірнеше ғимараттың қасбеті мен шатырын ұшырды. Зардап шеккендер жоқ. Желдің ұйытқуы секундына 28 метрге дейін жетіп, әлі басылар емес.
Ғалымжан Еркебай, Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары:
-Қазіргі таңда біздің есебімізбен 5 ғимараттың сыртқы қасбеттерінің кейбір жерлерінде ақау пайда болып жатыр.
Еліміздің көлік министрлігі жағдайға байланысты арнайы штаб құрды. Вице-министрдің сөзінше, оңтүстіктегі қарлы бораннан тас жолдың кей бөліктерінде жол көрінбей, ҚазАвтоЖол техникалары да жұмысын уақытша тоқтатқан.
Сәтжан Аблалиев, ҚР Көлік министрінің орынбасары:
-Қазгидромедтің берген хабарламасын ескермей жолға шығып кеткен көліктер қиындық туғызуда. Ол көліктер кептелістерге әкеліп соғып жатыр. Сондықтан жол пайдаланушыларына осы күндері жолға шығудан бас тартуды сұраймыз.
Қазгидромедтің мәліметінше, оңтүстіктегі аяз бен дауыл бір тәуліктен соң басылады. Содан кейін ғана жолдар ашылуы мүмкін.
Авторлары: Мерей Бает, Тимур Сейілхан