Петропавлдың қолөнер шеберлері Қазақстанның рекордтар кітабына енді. Өңір жаңалықтары
Петропавлдың қолөнер шеберлері Қазақстанның рекордтар кітабына енді. Олар республикалық «Аламан құрақ» байқауына қатысып, жалпы ұзындығы 500 метр болатын көрпе тігуге өз үлестерін қосқан. Он саусағынан өнер тамған шеберлер енді әлемдік рекордты жаңартуды жоспарлап отыр. Олар келесі жылы қыркүйек айында өтетін тағы бір байқауға қатыспақ. Осылайша қыз-келіншектер ұлттық өнерді дамытуға ниетті.
Қазақ поэзиясының құлагері Ілияс Жансүгіровтың «Өтірік» атты жыр жинағының түпнұсқасы табылды. Төте жазумен жазылған кітап 1927 жылы Мәскеуде 4500 данамен жарық көрген. Онда Ілияс ақынның шымшыма өлеңдері топтастырылыпты. Алматы қаласының тұрғыны, кинорежиссер Ербол Бораншаұлы туындыны бір ғасырға жуық өзінің жеке кітапханасында сақтап келген. Жуырда ол жыр жинағын Жансүгіровтың Талдықорғандағы музейіне тапсырды.
Абай облысында 9 мыңға жуық балаға мектепте орын жетіспейді. Түйткілді мәселенің түйінін шешу үшін өңірде 5700 орындықпен 11 мектеп салу жоспарланған. Оның алтауы қалада, бесеуі ауылда бой көтереді. Аймақта 5 білім ордасының құрылысы басталды. Ал Аягөз қаласында «Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша 600 орындық білім ошағы салынып жатыр. Бұдан бөлек аудан орталығындағы 4 мектептің жанынан 300 орындық жапсарлас ғимарат тұрғызылады.