Ет өндірісі қалай дамып жатыр?
Қазақстан Қытайға қайта ет сата бастады. Бұл саладағы сауда-саттық пандемиядан кейін тоқтап қалған еді. Жақында қос тарап өзара етжеңді келісімге келді. Енді алдағы жылдың басынан бастап көршілерге ет және ет өнімдері жөнелтіле бастайды. Ал өзімізде ет жеткілікті ме? Биыл соғым қаншадан боп жатыр?
Дамир Берікұлы, шолушы:
-Ет жесең тісіңе, жемесең түсіңе кіреді. Қазақ үшін соғым индексі дейтін ұғым да қалыптасқан. Ендеше ет биыл нешеден саудаланып жатыр? Қазір баяндаймын.
Статистикалық деректерге сүйенсек, биыл ет және ет өнімдерінің бағасы өткен жылмен салыстырғанда 10% өскен. Елімізде ең көп қымбаттаған өңір Астана қаласы болса, екінші орында Алматы, содан соң Солтүстік Қазақстан облысы.
Мәселен, қазір теріскейде жылқы етінің келісі 2800-3000 теңгеден, сиыр еті 2200-2400 теңге аралығында сатылып жатыр. Батыс аймақтарда жылқы еті 2400-2600 теңге болса, сиыр еті шамамен 2300-2500 теңгеден. Ал шығыста жылқы еті арзан. Келісі 2300-2500 теңге аралығында. Сиыр еті болса 2000 теңгенің шамасында. Еліміздің оңтүстігінде жылқы еті 2300-2600 теңге болса, сиыр еті 2200-2500 теңгеден саудаланып жатыр. Қазақстандағы соғым индексі қазір осындай.
Бұл бірақ базарлардағы орташа баға. Ал жекелеген дүкендерде бұдан шамамен 300-500 теңгеге қымбат. Сондықтан етті көтерме бағада алған пайдалы. Яғни тұтас бір малды соғым ретінде сойып алған тиімді дейді.
Мәселен, Астана базарларында қазір сиыр етінің ең арзаны 2300-2400 теңгеден сатылып жатса, маңайдағы ауылдардан соғым алсаңыз, еттің келісі сізге шамамен 2 мың теңгеден тиеді. Айталық, бір тайынша 150 келі ет берсе, соғым сізге 300 мың теңгеге түседі деген сөз. Ал бұл ақшаға салмағы 100 келіге де толмайтын жабағы аласыз.
Ал сарапшылар бізде ет қымбат дегенмен келіспейді. Олардың сөзінше шаруалар шығынын өтеп, пайда табуы үшін мал өнімінің бағасын көтеруге мәжбүр. Себебі жіліктің майлы басы делдалдардың қолында. Мұны сауда орындарындағы сатушылар да, мал шаруашылығымен күн көріп отырған ауылдағы ағайын да растайды.
Бейсенбек Зинатбек, шаруа:
-Төмен бағада сұрайды. Базарда көріп жатқан шығарсыздар, 2,5 мыңнан кем ет жоқ. Нақты бағушы мен базар арасындағы делдал өте жоғары боп тұр.
Саладағы тағы бір мәселе. Қазір ет экспорты мардымсыз. Яғни сырттан сұраныс аз. «Егер шет елдерге өнім сата алсақ, фермерлердің табысы көбейіп, мал ұстауға деген қызығушылығы артар еді»,— дейді Ет одағының төрағасы Мақсұт Бақтыбаев.
Мақсұт Бақтыбаев, Қазақстан Ет одағының төрағасы:
-Экспортсыз мал шаруашылығын дамыту мүмкін емес. Етке сұраныс көп болса, мал басы көбейіп, жаңа жұмыс орындары ашылады. Қытайға ет сату алдағы жылдың ақпан немесе наурыз айларында жанданады деп болжап отырмыз. Ал Өзбекстанға бұрын жылына 200-250 мың бас мал сататынбыз. Қазір бұл көрсеткіш 4-5 есе азайды. Сондықтан оны да көбейтуге күш салу қажет.
Ал Қытай мен Еуропа елдері біздің еттен неге уақытша бас тартты? Сенатор Арман Өтеғұлов мұны Қазақстанда жұқпалы және паразиттік мал ауруларының белең алуымен байланыстырады. Тіпті олар қазір адамға жұғатын болған. «Бұл мәселені мықтап қолға алмаса, жағдай ушығып кетуі мүмкін»,— дейді, депутат.
Арман Өтеғұлов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
-Сібір жарасы ауруына шұғыл шаралар қабылдамаса, еліміз тұтастай қауіпті аймаққа айналуы мүмкін. Ашық дереккөздерге сүйенсек, соңғы 7 жылда 99 адам сібір жарасын жұқтырып, бесеуі қаза болған. Созылмалы бруцеллез ауруы да барлық облыстарда тіркелген және республикалық бюджеттен қомақты қаражат бөлінгенімен ауру әлі өршіп тұр. Соңғы 9 жылда 9866 адам ауруға шалдыққан.
«Сондықтан депутат ветеринария саласын күшейтіп, эпизоотиялық жағдайды жақсартпайынша ет экспортын ұлғайта алмаймыз»,— дейді.
Статистикалық мәліметтер бойынша Қазақстанда қазір 9 млн-ға жуық ірі қара бар. Алайда сарапшылар бұл көрсеткіш шын мәнінде 7 млн шамасында деп санайды. Жылына 500 мың тонна сиыр еті өндіріледі. Бірақ ол да азайып жатыр. Мәселен, ет өндірісі өткен айда 4% төмендеген. Осы тұста бір қызық ақпарат айта кетейін. Әлем ғалымдары қазір жасанды ет әзірлеудің қамында. Олар мұны халық санының өсуі және экологиялық ахуалмен түсіндіреді. 2050 жылдарға қарай жаһан халқы 10 миллиардқа жетеді деген болжам бар. Адамзатты тамақтандыру үшін мал басы көбейсе, табиғатқа көп нұқсан келетінін айтады. «Себебі сиырдың тезегінен қаншама метан газы бөлініп, ауаны ластап жатыр»,— дейді.
Дамир Берікұлы, шолушы:
-Бірақ бұл жағдайдың бізге еш қатысы жоқ. Өйткені Қазақстан жайылым жөнінен әлемде 5 орында. Шабыстық та жеткілікті. Тек мал шаруашылығымен айналысатындарды ынталандырып, жем-шөп өндірісін қолға алу және ет өндірісіндегі делдалдардың жолын кесу қажет. Айтпақшы биыл қазақстандықтардың рационына жаңа ет қосылды. Ақбөкеннің етін қазір батыс аймақтардағы комбинаттар 1200 теңгеден сатып жатыр. Арзан деп жұртшылық жаппай алмаса да, киік етін ұнататындар бар екен. Сондықтан келесі жылы қалбырдағы ақбөкен етін де көріп қалуымыз мүмкін.