Алматы метрополитенінде Face Pay жүйесі істей бастады
Енді метрода жүру ақысын жасанды интеллект көмегімен төлеуге болады, ол үшін орнатылған камераға қарасаңыз да жеткілікті. Тәуелсіз ел тарихындағы ірі құрылыстардың біріне айналған Алматы метросы бүгінде шаһар тұрғындары үшін ең тиімді әрі жедел көлікке айналған. Тәулігіне 100 мыңнан аса адам таситын метроның тарихы өткен ғасырдың 80-ші жылдарынан басталады.
Тау-кен инженері Омар Смағұлов — Алматы метросы үшін тер төккен көнекөздердің бірі. Ардагердің айтуынша, жобалық-сметалық құжаттарды дайындау, жер қыртысын тексеру жұмыстары өткен ғасырдың 80-ші жылы басталған. Омар Смағұлов Алматыға метроның қажет екенін айтып, Мәскеуді көндірген жұмыс тобының құрамында болған. Осылайша, Алматы метросының құрылысы 1988 жылы 1 қыркүйекте басталады.
Омар Смағұлов, метро құрылысының ардагері:
- Райымбек пен Назарбаев көшесі қазіргі кездегі сол жерден басталды. Ал басталған кезде 8 станция болған жоба бойынша. Техникалық-экономикалық түсініктемесін біз алты айдың ішінде жасап бітірдік осы сегіз станцияны. Қазір көпқабатты үйдің өзін бір жыл жасайды жобасын.
Алматының жерасты суларына және бөктерде орналасуына байланысты метро туннелі терең қазылып, сырты шойынмен қапталған. Ең терең Абай бекеті жер бетінен 78 метр төменде орналасқан. Бүгінде метро алматылықтардың сүйікті көлік құралына айналды.
Индира Андирова, «Метрополитен» КМК баспасөз хатшысы:
-Оқу жылы басталысымен екі қосымша құрамды желіге шығардық. Одан кейін осы желтоқсан айынан бастап тағы да бір құрамды қосымша қостық. Сонымен бізде қазіргі кезде 11 құрам 5 минут 38 секундтік жиілікпен қызмет көрсетеді. Қазіргі кезде жолаушылар ағыны тәулігіне 101 мың адамды құрап отыр.
Алматы метросы өзінің дизайнымен де ерекше. 2025 жылы «Қалқаман» бекеті пайдалануға беріліп, жолаушылар тасымалы тағы 20 мың адамға артады.
Алматы метросы қолданысқа берілген 12 жылдың ішінде 145 миллионнан аса жолаушы тасымалдаған. Бүгінде жерасты көлігін пайдаланушылар саны жыл санап артып келеді. Қазіргі 11 бекет болашақта тағы 3 станциямен толығады. Олар қаланың батысын орталықпен қосады. Осылайша шаһардағы көлік кептелісінің шешілуіне аз да болса септігін тигізеді.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Кенже Амраев