Келесі жылы елімізге 6 шетелдік әуе компаниясы келеді
Олар салада бәсекелестік орта қалыптастырып, нәтижесінде ұшақ билеттері арзандауы мүмкін. Бұл туралы Үкімет отырысында Көлік министрі Марат Қарабаев айтты. Ал жалпы Қазақстанның авиация саласындағы мәселелер қашан шешімін табады?
Дамир Берікұлы, шолушы:
- Ұшақтар әуеде кеш қалықтап, баға шарықтап жатқан тұста авиация саласы толғақты тақырып болып тұр. Әуе қатынасының дамуын қазір рет-ретімен баяндаймын.
Авиация саласының дамуы биыл Үкіметте 2 рет қаралып отыр. Елімізде жалпы жолаушылар тасымалымен 5 әуе компаниясы айналысады. Олар жыл басынан бері 12 млн 300 мың адам тасымалдаған.
Бұл өткен жылмен салыстырғанда 23% жоғары. «Ал жыл соңына дейін аталған көрсеткіш 13 млн дейін жетеді», - дейді жауапты министр. Барыс-келіс әсіресе Алматы және Астана қалаларында көп. Халықаралық рейс саны да өскен.
Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:
- Халықаралық әуе тасымалдары бойынша қазіргі уақытта 28 елмен 110 бағытта рейстер орындалады. Аптасына 567 рейс. Соңғы екі жылда Милан, Доха, Абу-Даби, Эль-Кувейт және басқа да қалаларға 32 халықаралық авиамаршрут ашылды. Алдағы 2024-2025 жылдары Мумбай, Токио, Сингапур, Шанхай және Нью-Йорк қалаларына рейстер ашылатын болады.
Осылайша қазақстандықтардың көптен күткен АҚШ, Жапония және Сингапур елдерінің астанасына тікелей рейстер ашылмақ. Дегенмен отандық авиация саласында қордаланып қалған мәселелер де жоқ емес.
Үкімет басшысы Әлихан Смайылов солардың біразына жеке-дара тоқталды. Мәселен, елдегі әуежейлардың жағдайы мәз емес. Көбінің материалдық-техникалық базасы ескіріп, техникаларының 50% тозған.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
- Рейстердің кешігуі де қалыпты әдетке айналып барады. Оған қолайсыз ауа райы ғана себепші емес. Сондықтан авиакомпаниялар жолаушылар мен ұшақтарға қызмет көрсету сапасын жақсартып, техника паркін кеңейту қажет.
Сарапшылар болса салада бәсекелестік орнамай, жағдай жақсармайтынын айтады. Олардың сөзінше, шын мәнінде бізде 5 емес, нақты 3 ғана компания бар. Себебі олардың кейбірі ортақ. Мәселен, Fly Arystan –Air Astana меншігі. Ал аталған екі компания отандық әуе тасымалының 70% алып отыр.
Абыл Кекілбаев, сарапшы:
- Сондықтан бұл 70% отырғаннан кейін монополист. Оның үстіне тарифтерді өздерінің қалауынша қоя алады. Ұшатын бағыттарға да өздері шешім қабылдайды. Сосын тасымалдайтын адам санын да өздері реттейді.
Яғни әуе компаниялары монополия нысанына жатпаса да, іс жүзінде монополистің қылығын істеп отыр. Билет бағасының қымбаттығы да халықты қатты алаңдататын мәселелердің бірі. Ал жауапты министр мұны тек бәсекелестікті дамыту арқылы ғана шешуге болады дегенді айтады. Себебі сала мемлекеттік реттеуге жатпайды. Тағы бір түйткіл – жанармай тапшылығы. Жылда 300 мың тонна авиаотын импортпен келеді.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
- Көлік және энергетика министрліктері, «Самұрық-Қазына» қоры мен «ҚазМұнайГаз» компаниясы қажетті авиаотын көлемін қамтамасыз ету шараларын қабылдауы тиіс. Сонымен қатар оны сақтауға арналған инфрақұрылымды құруы тиіс.
Авиация саласында кадр тапшылығы да бар. Қазір қарапайым техникалық мамандардан бастап ұшқыштарға дейін бас-аяғы 600 адам жетіспейді. Үкімет басшысы колледждер мен авиация академиясына көптеп грант бөлуді тапсырды.
Құзырлы министр: «әуе қатынасындағы проблемалардың бәрі алдағы 6 жылда шешіледі», - деп уәде берді.