«Аягөз-Бақты» теміржол желісінің құрылысы басталды
Қазақстан мен Қытай арасындағы жүк айналымы қосымша 20 миллион тонна артады. Бұған мүмкіндік беретін айтулы жобаның құрылысы басталды. Абай облысында ұзындығы 270 шақырым болатын «Аягөз-Бақты» теміржолының қазығы қағылды. Премьер-министр Әлихан Смайылов телекөпір арқылы құрылыс жобасын ресми түрде іске қосты. Құрылыс барысында Қытаймен арада Бақты-Шәуешек үшінші шекара өткелін ашу жоспарланып отыр. Сондай-ақ 11 станция, 47 көпір, 23 теміржол, 8 автомобиль өткелі, 5 жаяу жүргіншілерге арналған көпір, 16 бақылау құрылысы салынады. Жоба іске асқан жағдайда Қазақстан мен Қытай арасындағы жүк айналымы 28 миллион тоннадан 48 миллион тоннаға дейін ұлғаймақ. Жүкті жеткізу уақыты да біршама қысқарады. Шойынжол 2027 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
Александр Степура, құрметті теміржолшы:
-Теміржол құрылысы халықтың санын ұлғайтуға, әл-ауқатын жақсартуға септігін тигізеді. Инвестиция келеді. Шойынжолдың бойындағы шекаралық аудандардың экономикасына тың серпін береді
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
-Бұл жобаның арқасында жүк тасымалының бір бөлігі «Бақты-Аягөз» теміржол желісіне және Бақты-Шәуешек халықаралық шекара бекетіне бағытталатын болады. Магистраль құрылысы 1700-ден астам адамды жұмыс орындарымен қамтитын болады. Кеніштерді игеру және жүктерді түсіріп-тиеу бекеттерін ашу да жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік бенреді. Мұның барлығы Абай облысының ғана емес, бүкіл еліміздің экономиксына оң әсерін тигізеді.