Шымкентте Тұран-1 шағынаудан тұрғындары жылусыз қалды
Шымкентте Тұран-1 шағынауданының тұрғындары қыс ортасында жылусыз қалды. 500-ге тарта отбасы жылу маусымы басталғаннан бері ыстық суға жарымай келеміз деп наразы. Себебі жерасты құбырларында жиі апат болады. Ал тозған жүйелер пәтер иелерінің үздіксіз шағымынан соң ғана ауыстырыла бастаған. Петропавл қаласында былтыр ғана берілген жаңа үйдің тұрғындары да бүрсең қағып отыр.
Тұран-1 шағынауданының тұрғындарын коммуналдық мәселе әбден әбігерге салды. Қысты күні жылуға жарымай отырғандардың бірі Қалдыбаевтар отбасы. Биыл ғана қоныстанған олар электр пешін пайдаланып, тар бөлмеге тығыламыз деп ойламаған.
Лаура Қалдыбаева, қала тұрғыны:
- Қазір вообще авария деп өшіріп тастады. Жылы су вообще жоқ. Енді өзіңіз ойлаңызшы 3 баланы әрдайым шомылдыра алмаймыз және квартираның іші салқын. Жылу жоқ. Үнемі радиаторды қосамыз. Бәрі бір сол коммуналдық жылуды төлейміз және жарыққа да төлеп жатырмыз.
Ал жылумен қамтушы мекеме өкілдерінің сөзінше қазандықтан шыққан ыстық су тұрақты түрде тұрғын үйлерге жеткізіліп келеді. Жылу температурасы да талаптарға жауап береді. «Тек қызмет көрсетушілердің салғырттығынан сүзгілер ауыстырылмай, құбырдағы ауа қысымы шығарылмай қалған»,— дейді.
Нұрбек Орынбаев, жылу таратушы мекеме басшысының орынбасары:
-Қазіргі таңда Қуат жылу мекемесі жер төленің бірінші фриянсына дейін 5 давление әкеліп беріп тұрмыз. Температурамыз 70 градус. Фильтрден кейінгі давлениені көрсеттік. Екеуінің арасындағы айырмашылығы 1 атмосфера 4-5 көрсетіп тұр. Біз домды өшіріп халықтың көзінше фильтр ашқыздық. Ішінен мусор шықты. Тазалаттық, қостық қайтадан давление көтерілді.
Жұрттың шағымынан соң тексеру жүргізген мамандар жылу жүйелерінің сапасына сын тағып отыр. Айтуларынша, желтоқсан айының өзінде жер астындағы 600 метрден астам құбыр ауыстырылған.
Жылу маусымында құбырларды қайта ауыстырып жатқан коммуналдық мекеменің өкілдері бар кінәні мердігерге жауып отыр. Себебі ыстық суға шыдас бермеген құбыр әр жерінен жарылып жатқанын айтады. Ал құрылысқа жауаптылар болса бұл уәжбен келіспейді.
Сондықтан тараптар ауыстырылған жылу құбырларына сараптама жасатып, сотқа жүгінбекші. Ал екі жақ бір-бірімен тартысып жүргенде тұрғындар жағы қыстың алдағы екі айына алаңдаулы.
Мөлдір Мұқова осыдан бір жыл бұрын баспаналы болып, қоныс тойын тойлады. Бірақ бұл қуанышы көпке бармады. «Жаңа үй салқын»,— дейді ол. Енді әр бөлмені осындай электр пештермен жылытып отыр.
Мөлдір Мұқова, қала тұрғыны:
-Мына бұрыштар өте суық. Мынаның астынан мына жерде жалаң аяқ тұрсаңдар жел үрлеп тұрады. Сондықтан кешке ұйықтаған кезде обогревательді қосып ұйықтаймыз.
Амангелді Тұрлыбаев, құрылыс компаниясының директоры:
-Жоба бойынша салынған бұл үй. Проект экспертизаны өткен. Сосын насостың күші жетпей мәселе болған. Ол мәселені біз шештік. Басқа усиленный насос қойдық.
106 пәтерлі бес қабатты тұрғын үйді жеке құрылыс компаниясы салған. Кәсіпкердің айтуынша, дәл қазір орталық қазандықтан беріліп жатқан жылу температурасы талапқа сай. Енді пәтер-пәтерді аралап тексереміз деді.
Авторлары:Нұрсұлтан Мұхамеджан, Айдарбек Айтмұханбетұлы, Нұрмахан Бекмұратов