БҰҰ: 15 жылда су тапшы болады
Жақын жылдары су үнемдеуді міндеттейтін заң шығуы мүмкін бе? Біріккен Ұлттар Ұйымы алдағы 15 жылда Қазақстанда су тапшылығы туады деп болжады.
Мәжілісте осы мәселе тағы көтерілді. Депутаттар: «Ауызсуды үнемдеуді әдетке айналдыру керек», - дейді.
Тағы бір мәселе Қазақстанда пайдаланылған судың 3% ғана қайта өңделеді. Бұл басқа елдермен салыстырғанда өте аз көрсеткіш.
Одан бөлек су үнемдейтін технологияларды енгізген кәсіпкерлерге субсидия беретін тетіктер жоқ. Негізгі өзендердің бәрі бастауын шетелден алады. Мәселені шешпесек, 2050 жылға қарай су тапшылығы 3 есе артып, қара суды тегін ешкім бермейтін күнге жетуіміз мүмкін.
Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Суды үнемдемей, 10 жерден заң шығарсақ та мәселе іске аспайды. Өздеріңіз білесіздер, балабақшадан бастап, үлкен ата-әжелерімізге дейін осы суды үнемдеу керек. Өзіңіз қараңыз, 20 млн қазақ бар. Күніне жарты литр судан үнемдейтін болса, қаншама күніне үнемдейміз. Кемі 10 млн литр суды үнемдейміз күніне. Осындай саясат мемлекетте болуы керек.