Агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бөлінген ₸1,2 трлн қайда жұмсалды?
Биыл пайдаланылмай бос жатқан және заңсыз жекеменшікке өтіп кеткен ауыл шаруашылығы мақсатындағы 5,5 млн гектар жер қайтарылған. Бұл Эстония секілді мемлекеттің жер көлемінен де үлкен аумақ. Агроөнеркәсіп кешенін дамытуға мемлекеттен 1,2 трлн теңге бөлініпті. Қаржы қайда және қалай жұмсалды? Агросектордың көрсеткіштері қандай?
Ауыл шаруашылығы дегенде ең алдымен астыққа тоқталатын әдетіміз ғой. Содан бастайық. Орақ науқаны барлық өңірде аяқталды. Орташа өнімділік гектарына 11 центнер. Еліміз бойынша 16,6 млн тонна дәнді дақыл жиналды. Майлы дақылдар 2 млн тоннадан асқан, жем-шөп 5 млн тонна.
Гайдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
- 11 ай бойынша ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 8,4% төмендеп, 8,2 трлн теңгені құрады. Өндіріс көлемінің төмендеуі өсімдік шаруашылығында қолайсыз ауа райы салдары әсер етті. Өнімділік төмендеп, сапасы нашар болды.
Тұрақты өсім көрсетіп отырған саланың бірі мал шаруашылығы. 3-тен 10% дейін артқан. Қазір елімізде 9 млн бас ірі қара, 23 млн-нан астам ұсақ мал бар. Жылқы 4 млн, ал түйе 300 мыңға жуықтапты. Құс 54 млн-ға жеткен.
Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
- Өңдеу өнеркәсібінде де жағдай тұрақты. Осы кезеңнің кезінде азық-түлік өндірісінің көлемі 1,9%, 2,9 трлн теңгені құрады. Салаға инвестиция тарту көлемі артып келеді. Жыл басынан бері АӨК 207 инвестициялық жоба жүзеге асырылды.
Олардың бірақатары Ақмола, Павлодар, Солтүстік пен Шығыс Қазақстан облыстарында. Сүт, дәнді-дақылдарды өңдеу кешені, инновациялық жылыжай, көкөніс қоймасы мен ет комбинаттары іске қосылған.
Ұлытау облысында 1 мыңнан астам фермер ауыл шаруашылығымен айналысады. Тек биылдың өзінде олар мал шаруашылығын дамытуға және көктемгі егіс жұмыстарына 3 млрд теңгеден астам сомаға субсидия алған. Ылғал жеткіліксіз аймақ үшін мұндай қолдау аса қажет.
Мұқағали Рамазан, Ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы:
-Жем-шөпке биыл 1 млрд 400 млн теңге ақша бөлінді. Келесі жылға инвестициялық жобалар көп. Көбінесе біз жем-шөп өндірісін дамытуға бағыттап жатырмыз. Облыстық бюджеттен 500 млн теңге қаражат бөлінді, бұл жем-шөп өндірісіне қатысатын техникларды және жабдықтарын алуға.
Шаруаларымыз жазда құрғақшылықтан, күзде жауын-шашыннан көп зардап шектік. Үкімет Жамбыл облысындағы залалды өтеуге 3,7 млрд теңге ажыратты. Ал Солтүстік өңірдегі бидайды кептіру үшін арзандатылған бағамен 62 мың тонна көлемінде дизель отыны бөлінді. Саланы дамыту мәселесі Парламент деңгейінде де қаралуды.
Ерболат Саурықов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Агробанк құру туралы ұсыныс беріп жатырмыз. Қаражатсыз ешқандай мәселе шешілмейді. Жайылымдар туралы заң. Ең керек заңдардың бірі. Қазіргі уақытта көптеген ұсыныстар мен қоғамның талқылауынан өтті. Алдағы уақытта мейлінше жұмыс істейтін заң ретінде ұсынып отырмыз.
Жайылым мәселесін пайдаланылмай жатқан және заңсыз берілген жерлерді анықтау арқылы шешу көзделуде.
Аталмыш жұмыс 2022 жыл басталған болатын. Былтыр 4,5, биыл 5,5 млн гектар жер қайтарылыпты. Бұл алқаптар тиісті елді мекендерге бекіту арқылы, енді нақты жұмыс жасайтын шаруаларға беріледі. Тағы бір басым бағыт агроөнеркәсіпті дамыту. Алдағы үш жыл ішінде өңделген өнім үлесін 70% жеткізу міндеті тұр. Осы арқылы табыс артады. Ең бастысы сыртқа тәуелділік азайып, азық-түлік қауіпсіздігі шешіледі.
Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Әлібек Алиев