Пиротехниканы сату орындары бойынша рейдтер жалғасып жатыр
От шашамын деп от баспаңыз! Мамандар: «жаңа жыл қарсаңында пиротехникалық бұйымдарды мұқият пайдаланған жөн», - дейді. Оның өзінде шектеу бар. Түнгі 23:00 кейін әлеуметтің тыныштығын бұзуға болмайды. Әйтпесе әп сәтте 69 мың теңге айыппұл арқалап кетуіңіз мүмкін. Қайтпек керек? Отшашуды қашан және қалай атуға болады?
Дана Әлиева, тілші:
- Жаңа жыл жақындаған сайын осындай пиротехникалық құралдардың саудасы да қыза түседі. Қалтаға қарай көсілсе түрі де, түсі де көп. Бірақ дұрыс пайдаланбаса, бәрі бірдей қауіпті.
Мұны 15 жастағы ақтөбелік жеткіншек енді жақсы біледі. Аулада от шашамын деп көзіне зақым келген. Қазір ол ауруханада ем алып жатыр. Салдары бұдан да ауыр болуы мүмкін еді.
Былтырдың өзінде жаңа жылда отшашу атамыз деп 15 адам зардап шеккен. Сақтық шараларын ескермесе, қатер айтып келмейді.
Сондықтан полиция мен төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері жылда рейдке шығады.
Сертификаты болмаса, пиротехникалық заттарды тәркілейді. Ал сатқандарды әкімшілік жауапкершілікке тартады. Алайда мұның өзі сауданы тежеуге қауқарсыз. Сондықтан тәртіп сақшылары демалыста түнгі сағат 23:00 кейін отшашу ату – әлеуметтің тыныштығын бұзу екенін еске салады. Атқан жағдайда азаматтар 69 мың теңге айыппұл арқалайды.
Рулан Сәрсенбаев, қала тұрғыны:
- Негізі біз салют атпаймыз. 12 кейін енді көршілердің бәрі атып жатады. Терезеден қарап отырамыз. Адамдар көп жиналған жерде қауіпсіздік, тәртіп болуы дұрыс деп ойлаймын.
Бұл тәртіп биыл сауда ретін де өзгертті. 8 жыл бойы отшашу сатып жүрген Александр Щепин осылай дейді.
Александр Щепин, кәсіпкер:
- Негізінен сатып алушылар 5 мың мен 15 мың теңге аралығындағы отшашуларды сатып алады. Тексерілген, жақсы фирмалардан тапсырыс береміз. Бірақ биыл сауда бәсеңдегені байқалып жатыр.
Қайткенмен қызылды-жасылды отшашуға көбіне балалар құмар. Ұл-қызының қас-қабағына қараған ата-анасы да сатып алып беруге мәжбүр. Сондықтан төтенше жағдайлар департаменті: «пиротехниканы аларда сертификаты мен жарамдылық мерзіміне қарауға кеңес береді. Ал отшашуды қолданар алдында нұсқаулығына барынша назар аударған жөн», - дейді.
Аян Кәнтек, Нұра ауданы ТЖД аға инженері:
- Тұтатардың алдында пиротехникалық бұйымды қол созым жерден тұтату керек. Кемінде 20 метр қашықтық алу керек тұтатқаннан кейін және де салют жанбай қалса немесе тұтанғанның өзінде оған еңкейіп қарауға болмайды. Толық қолданып болғаннан кейін оны міндетті түрде сумен толтырып, содан кейін ғана барып қоқысқа лақтыру керек.
Мерекелік отшашумен барлығы жаңа жылды қызығырақ өткізуге тырысады. Десек те көңіл көтеремін деп оқыс жағдайда ұшырап қалмаңыз!
Дана Әлиева, Әлібек Алиев