Көлік апатын рәсімдеу жеңілдеді
Енді ұсақ жол-көлік оқиғасы болса полиция шақырып, істі сот арқылы шешудің қажеті жоқ. Жаңа жылдан бастап жеңілдетілген тәртіп күшіне енді. Темір тұлпарыңызға келген зақымды жөндеу құны 369 мың теңгеден аспаса, бұл ақшаны 4-5 күнде өндіріп ала аласыз. Ол үшін соқтығысқан көлік саны екеуден аспауы және жүргізушілер кімнің кінәлі екенін өзара анықтап алулары қажет. Міне содан кейін телефонға «Еурохаттама» қосымшасын жүктеп оқиғаның фото және бейнематериалдарын салу керек. Сақтандыру компаниясына материалдық залалды өтеу туралы өтінімді де онлайн жасайсыз. Жаңа жүйе іске қосылған алғашқы аптаның ішінде мыңнан астам жүргізуші көлік апатын «Еурохаттама» арқылы рәсімдеген.
Қуаныш Тілекбаев, Әкімшілік полиция комитетінің аға инспекторы:
-«Еурохаттаманың» артықшылығы неде? Біріншіден. Азаматтарға ұсақ жол-көлік оқиғаларын рәсімдеу үшін полицияны күтудің қажеттілігі болмайды. Тиісінше жолдардағы кептеліс жағдайлары болмайды. Екіншіден. Жүргізушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды. Үшіншіден. Сақтандыру төлемдерінің мерзімі қысқарады.