Петропавлда салынып жатқан мұржа қайта бұзылады
Петропавл жылу электр орталығында жаңадан салынып жатқан түтін мұржасы бұзылады. Себебі құрылыс жұмыстары кезінде нысан осьінен ауытқып, қисайып кеткен. Өткен жылдың тамыз айында ақау анықталған соң, нақты қанша метрі бұзылатыны белгісіз еді.
Енді мердігер компания мұржаны іргетасына дейін бөлшектеп, орнына жаңасын салады. Биіктігі 180 метр болады.
Естеріңізге сала кетейік, осыдан 2 жыл бұрын стратегиялық нысанның бір мұржасы опырылып кеткен еді. Төтенше жағдай кезінде машинист-қараушы әйел үйіндінің астында қалып, мерт болды.
Анатолий Казановский, жылумен қамту кәсіпорнының бас директоры:
- 1 наурызға дейін мұржа толығымен бұзылады. Артынша жаңасының құрылысын қайта бастаймыз. Біз ол үшін қосымша қаржы төлемейміз. Жоба құны -2,1 млрд теңге. Алдағы жылыту маусымына дейін барлық шаруалар аяқталуы тиіс. Қазір ешқандай проблема жоқ. Қазандықтарымыз екі мұржамен де жұмыс істеп тұр.