Бірқатар өңірде жылы «аялдама» жыры бітер емес
Елдің бірқатар өңірінде тұрғындарға қолайлы болады деп салынған жылы аялдамалардың «жыры» бітер емес. Қыс түссе үй-күйсіздердің мекеніне айналатын нысандардың көбі қолданысқа мүлдем келмей қалған. Кейбірінің тіпті терезесі сынып, қала көркін қашыратын күйге жетті. Қыруар қаржыға салынған олардың күтіміне кім жауапты?
Бұл Атырау қаласының аялдамалары. 2018 жылы шаһарда 23 данасы салынған. Әр қайсысына 12 млн теңге қаржы жұмсалыпты. Қыста жылы, жазда салқын болады деген нысаннан тұрғындар қайыр көрген емес. Керісінше қыста қара суық, жазда қапырық. Қалалық әкімдік бұл аялдамаларды әуелі сенімгерлік басқаруға берген. Бірақ жұмыс көңілден шықпаған соң, қайта өз теңгеріміне алыпты. Қазір «күтіп-баптау жұмыстары үшін қаржы қарастырып жатыр»,— дейді жауаптылар.
Аман Латифов, қалалық ТҮКШ бөлімі секторының бас маманы:
- Қазір бұл жұмыстармен «арнаулы автобаза» мекемесі айналысып жатыр. Сонымен қатар айта кететінім, бұл жылы аялдамаларды күтіп ұстау да қиындықтар туындауда. Вандализмге жол беру тұрғындар тарапынан.
Ал Қарағанды қаласында 2022 жылы 13 жылы аялдама пайдалануға берілді. О баста нысандарда бейнебақылау, күзетші, сондай-ақ жылу тепловизорлары болады делінген еді. Әр қайсысына 8 млн теңгеден астам қаржы салынған. Арада 1 жылға жетер-жетпес уақыт өтті.
«Жылы аялдамалар аптасына екі мәрте тазаланады. Алайда әр келген сайын қоқыс тау болып үйіліп жатады»,— дейді әкімдік мамандары.
Дінмұхамед Райымбеков, Қазыбек би ауданының тіршілікті қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы:
-Біздің суық климат үшін мұндай аялдамалар керек. Соған қарамастан кейбір азаматтар ішіндегі мүлікті көпе-көрнеу сындырып тастайды. Негізі аялдамалардың барлығында жылу пештері бар. Бірақ кейбірі істен шығып, оларды уақытша алып тастадық. Жөндеп болған соң, қайтадан орнына қоямыз.
Қарағандыдағы 13 жылы аялдамаға кезінде бюджеттің 160 млн теңге қаржысы жұмсалған. Енді жауаптылар бұл аялдамалардың ішіне байнебақылау камераларын орнатып, оны полицияның жедел әрекет ету орталығына қосуды жоспарлап отыр. Тәртіп сақшыларымен бірлескен кезде мұндағы тәртіп те түзелеріне сенімді.
Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар