Хабар телеарнасы

Кәсіпкерлер қолма-қол ақшасыз төлем қабылдаудың заманауи әдісіне риза

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының деректеріне сәйкес өткен жылдың алғашқы үш тоқсанында республика бойынша қолма-қол ақшасыз төлемдердің үлесі 86% құрады. Қазақстандық кәсіпкерлерге бүгінде банктердің мобильді қосымшалары арқылы жеке кәсіпкерлік ашып, шотқа төлем қабылдау мен салықтарын төлеуге мүмкіндік мол.

Жібекжан Хайдарованың кәсіпкер атанып, өз ісін дөңгелетіп жүргеніне 2 жылдан асты. Елордалық сауда үйлерінің бірінде сөмкелердің түрін сатады. Іскер әйелдің айтуынша, елімізде кәсіпкерлік пен заңды жұмыс жасауға көп жағдай жасалған. Ал тауарға төлем қабылдау әлдеқайда ыңғайлы бола түскен.

Жібекжан Хайдарова, жеке кәсіпкер: 
- Мен бұрын сатушы болып жұмыс істедім. Сол кездері үнемі қолма-қол ақша қабылдайтынбыз. Бұл өте ыңғайсыз болатын. Себебі тұтынушыға ақшаны ұсақтауда көптеген қиындықтар туындайтын. Ал қазір төлем қабылдау жеңіл. Қолма-қол ақшасыз, QR қабылдаймын. Яғни бұл клиент үшін де, мен үшін де ыңғайлы.

Кәсіпкерлердің көпшілігі қолма-қол ақшасыз төлем қабылдаудың заманауи әдісіне дән риза. Барлығы мұның өздеріне де, тұтынушыларға да ыңғайлы әрі қауіпсіз екенін айтады.

Динара Ақынбекова, «Атамекен» ҰКП департамент директоры: 
- Қазір кәсіпкерлер бұрынғыдай қолма-қол ақша іздеп отырмайды. Қайтарым беру үшін бас қатырмайды. Қазір онлайн төлемдер өте ыңғайлы кәсіпкерлер үшін. Жалпы мобильдік қосымшалардың дамуы кәсіпкерлерге де, тұтынушыларға да мемлекет тарапынан өзінің жағымды әсерін беріп отыр.

«Банк қосымшаларының онлайн сервистері төлемді тез қабылдауға мүмкіндік береді», - дейді іскерлер. Әр сатылған затын ескі тәсілмен дәптерге тізбейді. Осы тұста Мемлекеттік кірістер комитеті қазір шағын және орта бизнесті дамытуға жақсы жағдайлар жасалғанын алға тартады.

Айнұр Сартаева, Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми өкілі: 
- Бүгінде мобильді аударымдарға қатысты бақылау тек тиісті критерийге байланысты кәсіпкерлік мақсатта ақшасын алуы мүмкін деген күдікке ілінген жағдайда ғана бақылау жүргізіледі. Жеке тұлғаның жеке шотына 100 аударым келіп түссе, және аталған жағдай 3 ай қатарынан қайталанса ғана банктер ақпаратты салық органына береді. Бұл ретте жеке мақсатта пайдаланып отырған мобильді аударымдар бойынша ешқандай бақылау жүргізілмейді.

Осы тұста біз де сатушылардан төлемдердің қай әдісін жиі қолданатынын сұрадық. Тұтынушыларға қандай төлем ыңғайлы?

Сауалнама: 
- Мынаны басамыз, чик және бәрі оңай. Мынаған ақша ұстамайсың, іздемейсің. Жақсы.
- Қазір өз басым тек QR қабылдаймын. Клиенттерге де сол ыңғайлы. Сдача қайтарам деп қиналмайсың
- Мен көбіне тек QR қабьылдаймын төлемді.

Бүгінде банктер қолма-қол ақшасыз есеп айырысудан өзге жеке кәсіпкерлік пен шот ашу сынды көптеген ыңғайлы онлайн сервистерді ұсынып отыр. Ал POS терминал мен касса тегін. Сондай-ақ кәсіпкерлер салықты онлайн режимінде төлей алады. Бұл қызметтердің барлығы жұмысты заңды түрде жүргізуге мүмкіндіп беріп отыр.

Айнұр Қуатқызы, Самат Сүлейменов