«Майқайыңалтындағы» апат: іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр
«Майқайыңалтын» кен байыту фабрикасына қарасты шахта аумағында болған апаттан кейінгі іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр. Бұған дейін шұңқырға түсіп кеткен екі адамның денесі шығарылған болатын. Автобус жүргізушісі мен тағы бір құтқарушыны іздеу жұмыстары басталғалы бүгін тура 12 күн болды. Осы уақыт аралығында ауыр техниканың көмегімен автобус құлаған жерден 200 мың текше метр тау жынысы мен топырақ шығарылған. Қазір мамандар ол жерге шағын экскаваторды түсіріп, автобусты шығарып алмақшы. Бұл оңай шаруа емес. Себебі опырылған жердің диаметрі үлкейіп жатыр. Ал апаттың себептерін арнайы комиссия анықтайды.
Асайын Байханов, облыс әкімі:
-Бүгін-ертең қазып аламыз деген ойымыз бар. Бірақ оның астына түскеннен кейін нақты белгілі болады. Әрине опырылған жердің жан-жағы мына төртінші қаңтардан бастап жоқ дегенде жарты, бір метрге дейін көбейді. Ол жан-жағы түсіп жатыр. Сондықтан оның қаупі өте жоғары.