Электромобильдің өз заңы болады
Бензинмен жүретін көлігіңізді автотұраққа қоярда енді мұқият болыңыз! Егер ол электромобильдің орны болса, айыппұл төлеуіңіз мүмкін. Бірақ елде көбейген электромобильдерді қуаттау мәселесі де әлі заңдастырылмаған. Бүгін Мәжілісте дәл осындай көліктерге инфрақұрылым, яғни ерекше жағдай жасайтын заң бірінші оқылымда мақұлданды.
Тренд пе, әлде қажеттілік пе? Не керек, Қазақстандықтар соңғы кезде электромобильге қатты қызығатыны байқалды. Қазіргі заңды жасауға сол түрткі болған. Бәрін ретімен айтайық. Елімізде «жасыл» көліктерді арнайы есепке алу 2012 жылы басталған. Ол кезде электромобильдер саусақпен санарлық еді. Күрт өсуі 2016 жылы болды. Сол кезде токпен жүретін көліктер саны 800-ге жуықтаған. Мұндай кезекті рекорд 2023 жылы тіркелді. Былтыр отандастарымыз 8 мың электр көлігін сатып алған.
Самат Мұсабаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Бұл электромобиль санының 9,5 есе өскенін көрсетеді, яғни «жасыл» көліктерге сұраныстың көбеюі қажет инфрақұрылымды дамытуды ілгерлетуді талап етеді.
Құжат мазмұнына тоқталсақ. Электромобильдер тұрақ пен паркингтерде арнайы орындарымен қамтамасыз етіледі. Олардың иелері автотұрақ ақысын төлеуден босатылады. Ал зарядтау станцияларындағы орынға бензинмен жүретін көліктердің тұруына тыйым салынады. Ол үшін айыппұл арқалауыңыз мүмкін. Экологиялық таза көліктерге деген жеңілдіктер елімізде бұрыннан бар. Мәселен, утиль алымы және салықтан босатылған. Алайда әлі күнге қуаттау бекеттері дамымаған. Сондықтан азаматтар өзі амал табуда. Бірақ олардың бұл әрекетін Төтенше жағдайлар министрлігі заңсыз деп санайды. Әсіресе паркингтерде көлікті зарядтауға әлі рұқсат жоқ.
Бауыржан Сыздықов, ҚР Төтенше жағдайлар министрінің орынбасары:
- Біз қазір бүкіл әлемдегі тәжірибені зерделеп жатырмыз. Көршіміз Ресейде, мысалы, 1200 шаршы метр болса, паркингте тек 10 машинаны ғана қуаттауға рұқсат берілген. Қазір біз соны қарап жатырмыз. Біздің елімізге электрокарлар кіргеннен бастап 2 көліктің жануы орын алған. Ол — 2022-2023 жылы.
Көпшілік электромобильді қалалық көлік санайды. Өйткені алыс қашықтыққа баруға қуаты жетпейді. Заңда осыны ескеріп жаңа жолды салу кезінде станциялар орнатуға арнайы орындар белгіленетін болыпты. Қала ішіндегі зарядтау бекеттерін бизнес өзі реттейді деп күтілуде. Ал көлік тозған соң оның литий батареяларын өңдеу мәселесі әлі де шешімін таппаған.
Мансұр Ошурбаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары:
-Оларды өңдеу мен қазір әлемде тек Канада және Қытай компаниялары ғана айналысады. Келіссөз жүргізіп елімізде жоғары технологиялы зауыт салу жоспарлануда. Әзірше нақты мерзімін айта алмаймын. Қазақстан қоршаған ортаға келетін зиянды азайту үшін осы жасыл көлік иелеріне заң түрінде қолдау көрсетуде.
Бір нәрсе анық. Электромобиль негізінен жылы өңірлер үшін қолайлы. Бұл сарапшылардың пікірі. Қазақстан жағдайында «жасыл» көліктердің дені қазір Астана, Алматы мен Шымкент қалаларында жүр. Айтпақшы оларға қажетті инфрақұрылым жасау үшін сәулет, қала құрылысы, автомобиль жолдары басқа да заңдарға түзету енгізу қажет екен.
Заңға әзірлеу сатысының өзінде 100-ден астам түзету енгізіліпті. Бүгін Мәжілісте тағы 20 шақты сұрақ көтерілді. Бұл тек бірінші оқылымда. Алда екінші оқылым және Сенаттың қос тыңдалымы бар. Жоба үш пысықтаудан өтеді.
Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Самат Сүлейменов