Мамандығын місе тұтпайтындар көп
Еліміздегі жастардың 21% өз мамандығымен жұмыс істемейді. Еңбек нарығының үшінші ұлттық баяндамасын әзірлеген сарапшылар осылай дейді. Олардың көбі сауда, өнеркәсіп және қызмет көрсету салаларында жүр. Тағы қандай мамандық сұранысқа ие?
Мамандығын мақтаныш тұтатындар азайып барады. Себебі қазір жастардың көбі күнкөрістің қамымен өзге саланы жағалап жүр. Сарапшылар келтірген дерекке сүйенсек, мамандық бойынша оқыған табақтай дипломын сандыққа тығып, сауда мен қызмет көрсетуді таңдағандар көп.
Шалқар Байқуатов, Еңбек ресурстарын дамыту орталығының вице-президенті:
-Көбіне жастар мамандық таңдаған кезде ата-анасының ақылына жүгінеді. Әрине диплом керек, бірақ сіз өз мамандығыңызбен жұмыс істемесеңіз, статистика жағынан онда жалақы 15% төменірек болады.
Еңбек ресурстарын дамыту орталығының мамандары жыл сайын еңбек нарығына 300 мыңға жуық жас қосылатынын айтады. Сәйкесінше «екі қолға бір күрек» табу қиындай түсуі мүмкін. Ол үшін жастарға Үкімет ұсынған бағдарламаларды ұтымды пайдалану керек.
Олжас Омар, қалалық Еңбек мобильділігі орталығының директоры:
-Әр түрлі жұмыс беруші бізде enbek.kz порталына тіркелген. Бірақ көбісі қызмет көрсету саласы, индустриалдық парктің жұмыс берушілері, әр түрлі зауыттар, кәсіпорындар. Техникалық мамандықтарға сұраныс өте көп. Қалада болсын, индустриалды парк болсын, колледж бітіретін түлектер сұраныста.
2030 жылға қарай елімізде жастар саны 6 млн-ға жуықтайды. Демек жұмысқа қабілетті жастардың қатары артады. Бұл тұста Үкімет қайта даярлау, кәсіпкерлікті дамыту, бизнес бастау сынды бағдарламаларын дамыта түспек.
Бүгінде ІТ және өнеркәсіп саласы мамандарының табысы күрт артқан. Еңбек ресурстарын дамыту орталығының мәліметінше, дәл осы мамандардың табысы былтыр миллион теңгеге жуықтаған. Себебі әлі де еңбек нарығында мұндай жұмыскерлер тапшы.
Мәселен, былтыр Астанада 8 мың адам тұрақты жұмысқа орналасса, 12 мың жан кәсіби оқыту, грант және жеңілдетілген несие беру шараларының шарапатын көрген. Қазір тағы 10 мыңға жуық тұрғын жұмыссыз деген тіркеуде тұр.
Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Аян Сәрсенбаев