Сейсмостанциялардың санын көбейту қажет — ТЖД
Елімізде сейсмостанциялардың санын көбейту қажет. Бұл жер дүмпуін болжауға көп көмегін тигізеді. Бұл жайында Төтенше жағдайлар департаментінде өткен брифингте мамандар айтты. Қазақстанның жер аумағының жартысына жуығы сейсмикалық аймаққа жатады.
Анығырақ айтқанда, «40% адамға сезіле бермейтін жер сілкіністері жиі болып тұрады»,— дейді Сейсмологиялық орталықтың мамандары. Ал Төтенше жағдайлар департменті болса «халықты табиғи апаттан қорғану мәдениетіне үйрету керек. Үрей мен дүрбелең тек қана зиянын келтіреді» деген пікірде. Бұл туралы осы салаға жауапты мекеме өкілдері жер сілкінісіне қатысты брифингте айтты.
Бүгін түнгі сағат 12-ден 9 минут өткенде болған жер сілкінісі алматылықтардың үрейін ұшырды. Дүмпудің қуаты 5 балл болды. Дүрбелең кезінде 44 адам түрлі жарақат алды. Олардың басым бөлігі дәрігерлердің тексеруінен өткен соң амбулаториялық ем қабылдауға жіберілді. Абырой болғанда адам шығыны жоқ.
Айтып келмейтін апаттан үрейленген тұрғындар дереу далаға шығып қауіпсіз жерді паналаса, енді бірі қала шетіндегі туған-туыстарының үйіне асықты. Алатаудың баурайындағы Алматының түнгі көрінісі бүгін осындай болды. Алматы-әлімсақтан сейсмикалық аймаққа жатады. Жылына 200-ге тарта жер сілкінісі болып тұрады. Дегенмен оның бәрі бірдей тұрғындарға сезіле бермейді. Ал бүгін түндегі дүмпу ошағы жер қабатына жақын, яғни 7 шақырым тереңдікте болған. Сондықтан Орталық Азия елдеріне соның ішінде Қазақстанда айқын білінген.
«Жер сілкінісің қуаты 5 балл болды. Мұндай кезде дабыл соқпайды. Бұл көлемдегі магнитуда қатты залал келтірмейді. Сирена жер сілкінісінің қуаты 5,5-6 балдан асатын дүмпуді сейсмостанциялар тіркеген кезде ғана іске қосылады. Мамандар түнде дабыл белгісінің берілмеу себебін осылай түсіндірді. Сиренаны қоссақ тұрғындар одан сайын қорқатын еді»,— дейді. Ал үрей мен дүрбелең тек қана зиянын келтіреді» деген пікірде.
Жансая Досымбекова, Сейсмологиялық байқау және зерттеу ұлттық ғылыми орталығының сейсмологиялық обсерватория басшысы:
-Әр адам өзіне жауапкершілік алуы керек. Сіз биік үйде тұрасыз ба, көпқабатты үйде тұрасыз ба, жер үйдің сапасы қандай? Қай жерде тұр? Қалай салынды? Ол соған байланысты. Алматы сейсмикалық қауіпті аймақ болғаннан кейін бұл жерде тұрған тұрғындардың барлығы жер сілкінісінен сақтану шараларын білуі қажет. Оның барлығы төтенше жағдай сайтында, мектептерде оқытылады. Қарапайым сақтану шараларын білуі керек.
11 мыңнан астам адам қауіпсіз жерде түнеп шықты. Қалада осындай жағдайда адам жиналатын 400-ге тарта мектеп пен балабақша қарастырылған. Кейбір азаматтар Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасын паналапты. Таңға таяу олардың барлығы үйлеріне оралды. Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы арнайы брифингте жер сілкінгені жайлы SMS хаттардың неліктен кешігіп жеткенінде түсіндірді.
Нұрлан Атығаев, қалалық ТЖД бастығы:
-Себебі халық тығыз орналасқан. Сондықтан ұялы байланыс операторлары ақпаратты өңдеуге үлгермейді. Содан жедел хабар кешігеді. Ауа райы хабарламасы мүлдем басқа дегім келеді. Онда алдын-ала алынған болжамды бір күн бұрын хабардар ете бастаймыз. Сондықтан өз уақытында жетеді. Біз SMS хабарламадан ақырындап бас тартсақ дейміз. Оның орнын «Дәрмен» жүйесі басады. Бұл тегін мобильдік қосымша сеймодатчиктермен байланысқан. Ол арқылы ақпарат кейбір тұрғындарға бүгін бірден түсті. Әзірге бұл тестік режимнен өтіп жатыр.
Қазір қаладағы үйлерге қандай зақым келгені тексерілуде. Бұл жұмыстың қашан аяқталатыны әзірге белгісіз. Ал әкімдік өкілдері барлық кәсіпорындар мен ұйымдардың штаттық режимде жұмыс істеп жатқанын хабарлады.
Сейсмологтар түннен бері 100-ден астам афтершок тіркелгенін айтты. Афтершоктар алғашқы дүмпуден әлдеқайда әлсіз болады. Сондықтан оның 5-6-сы ғана алматылықтарға сезілді. Мамандардың айтуынша, Түркияда болған табиғи апаттан кейін афтершоктар әлі тіркеліп отыр. Одан үрейленудің қажеті жоқ.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Эдуард Кон