«Атамекен»: Астанада былтыр 16 кәсіпкер заңсыз тексерілген
Астанада былтыр 16 кәсіпкер заңсыз тексерілген. Мұны «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері мәлімдеді. Айтуларынша, мараторий кезінде осылай зардап шегіп отырған бизнес, шектеу алынғаннан кейін тексеріс қарша борай ма деп қорқады. Себебі биылғы жылдан бастап бизнесті тексеруге қойылған мараторий алынып тасталды. Палатаның филиалы бүгін қадағалаушы мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлердің басын қосып, жиын өткізді. Құзырлы мекемелердің сөзінше, кәсіпкерлік нысандары жоспарлы түрде жылына 4 рет бақылауға алынады. Одан бөлек, олар арыз-шағымдардың негізінде тексеріс жүргізе алады. Бірақ әрбір рейд құқықтық статистика департаментіне тіркеліп, кәсіп иесіне алдын ала ескертілуге тиіс.
Бейсен Жолболдиев, Астана қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры:
-Тексергеннен кейін енді қараған кезде әрбір нәрсеге барып, мысалы, жаңағы дүкендерге «қарауыл жоқ» - деп. Кішкентай ғана дүкен. Оған егер қарауыл алатын болса, онда ешқандай табыс болмайды ғой. Оның өзі жалға алып сол жерді. Олардың бәрін тексере берсек, оларда әрине, ниет те болмайды ары қарай дамуға. Бізде қала бюджетінің 50% осы кәсіпкерлер төлейді. 75% белсенді халықтың осы бизнесте жұмыс жасайды. Олардың бәрін қылқындырып жазалай берсек, онда бізде жұмыссыздық та көбейеді, салыққа да түсім түспейді.