Астанада «Қазақстан-Башқұртстан» халықаралық форумының ресми ашылуы өтті
Форумға Башқұртстан Республикасының Президенті Радий Хабиров пен еліміздің Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев бастаған делегация, сондай-ақ екі республиканың іскер қоғамдастығының өкілдері қатысты. Іс-шара Қазақстан мен Башқұртстан арасындағы экономикалық және мәдени байланыстардың жаңа кезеңін бастады. 2022 жылы екіжақты сауда-саттық көлемі 464 миллион доллар болса, былтыр бұл көрсеткіш 5% өскен. ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев екі тарап ағаш өңдеу, химия өнеркәсібі және машина жасау салаларында өзара тиімді инвестициялық жобаларды жүзеге асырып жатқанын мәлімдеді. Өз кезегінде Башқұртстан басшысы Радий Хабиров Қазақстан Башқұртстанның басты сауда әріптесі екенін алға тартты. «Башқұрт астанасы Уфадан Астана мен Алматыға тікелей әуе рейстерінің санын ұлғайтуға ниеттіміз»,— деді.
Форум индустрияландыру мен инновациядан бастап, ауыл шаруашылығына, шағын және орта бизнесті дамытуға дейінгі кең тақырып ауқымын қамтыды. Мәселен, Башқұртстан Ауыл шаруашылығы министрі Ильшат Фазрахмановтың айтуынша, екі ел арасындағы ауыл шаруашылығы өнімдері бойынша алыс-беріс 200 мың тоннаға жеткен. Башқұртстаннан ең алдымен дәнді және майлы дақылдар импорттаймыз. Бұл көлем алдағы уақытта өседі деген жоспар бар. Радий Хабиров Қазақстан жағын биыл Уфа қаласында өтетін XX мерейтойлы Қазақстан мен Ресей аймақаралық ынтымақтастық форумына қатысуға шақырды. Сол кезде екі ел арасындағы достық әрі әріптестік байланысты нығайту жайы тағы да пысықталмақ.