Ақтауда атбегілердің басын қосқан жиын өтіп жатыр
«Қазақтың асылтұқымды Адай жылқысы – ұлттық бренд». Дәл қазір осындай атаумен Ақтауда салтанатты шара өтіп жатыр. Мерекелік жиынға мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, ұлттық ат спортының жаттықтырушылары мен елімізге белгілі атбегілер қатысып жатыр.
Талғат Исламұлы, тілші:
- 2022 жылдың қыркүйек айында «Ұлы дала жорығы» атты тұңғыш марафон-бәйгеде маңғыстаулық «Көкмойнақ» командасы топ жарған еді. Астанадан Түркістанға дейінгі 1200 шақырым қашықтықты 12 күнде бағындырған «Адай жылқылары» көпті таңғалдырды. Сол жылдың қарашасында Маңғыстауға жұмыс сапары кезінде Мемлекет басшысы: «Қазақтың Адай жылқысы ұлттық брендке айналады», - деді. Асылтұқымды мал ретінде танып, түлік санын көбейтуді тапсырды. Содан бері мемлекеттік комиссия құрылып, Адай жылқысына қатысты 1400 дерек жинақталды.
Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндіру ғылыми-зерттеу институты әр жылқының генетикалық құрылымын ғылыми сынақтан өткізді. Жуырда комиссия қорытындысымен Әділет министрлігі Адай жылқысының бір емес, алты тұқымын «селекциялық жетістік» ретінде тіркеп, патент берді. Осылайша Президенттің тапсырмасы орындалды. Қазір жанымда Маңғыстау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серікбай Төлетов тұр.
Серікбай Төлетов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
- Адай жылқыларына ұлттық бренд патенттері қазақтың асылтұқымды жылқылар қауымдастығы өкілдері берілгенін айтады.
Талғат Исламұлы, тілші:
- Сөзімді толықтыра кетейін. Адай жылқылары ұлттық брендке айналуымен іс бітпейді. Былтыр ел тарихында алғаш рет жеке бағдарлама қолға алынды. Мерзімі 3 жылдық жобаны қаржыландыруға 682 млн 500 мың теңге жұмсалады. «Адай қазақ жылқылары мен Қостанай тұқымының салт мініс қасиеттерін сақтау және жетілдіру» атты бағдарлама салт мініс бағытындағы жылқылардың жаңа селекциялық сипаттамаларын алуды көздейді. Бұл алдағы уақытта асылтұқымды жылқылардың халықаралық аренаға шығуына мүмкіндік бермек. Жоба Үкіметтің бақылауында.