Кентаулықтар 1,5 айдан бері жылусыз отыр
Қыстың көзі қырауда тұрғындар электр жылытқыштарын қосып, амалдауға мәжбүр. Ал жарыққа жауапты монополистер электр энергиясының бағасын аспандатып жіберген. Ашынған жұрт жылу орталығындағы қазандықтан ақау шыққалы бері осындай күйге түскендерін айтып, көмек сұрап отыр.
Халық жылудың жырын айтып қала әкімдігіне талай рет барған. «Алайда еш нәтиже жоқ», - дейді. Жығылғанға жұдырық. Электр пешімен жылынып отырған тұрғындар енді жарықты да қымбаттатып жібергенін айтады.
Гүлзат Сейітжанова, қала тұрғыны:
- Мынадан шылқылдап су ағады. Бөлме салқын болғасын. Мынаны алдына осылай қойып қоямын. Мынаны 2-3 күнде әктеп тұрамын. Әйтпесе осындай көктің исі шығып, үйдің бәрі көгеріп кеткен, жылу жоқ.
Әлия Кенжебаева, қала тұрғыны:
- Тарифіміз 21 теңгеден басталып, 35 теңгемен тоқтайды. Телефонымдағы түбіртектерді көрсетсем, 35 мың, 32 мың, 28 мыңнан төлеп отырған қаншама адам. Соны 18 теңгеге түсіріп берсе екен. Адамдар жарықты пайдаланбаса тағы да жауап қалады.
Жылу тек тұрғын үйлерде ғана емес, мектеп, аурухана сияқты әлеуеттік нысандарда да мардымсыз. Сондықтан ауырып ем іздегендер сырқатына сырқат қосып жатыр.
Жансұлу Кененбаева, қала тұрғыны:
- Аурухананың айта алмаймын суықтығын. Укол салатын жерлері мүлдем суық. Мүмкін емес, сол жерде 1 жасар, 6 айлық баланы тастай емдеу болмесіне алып кіріп, емдеп жатыр. Біз өзіміз халықтың санын көбейте алмай жатқанда халықты қыру бұл. Дәріхана мен жарықты байытып жатырмыз.
Ал жылуға жауаптылар қыс түскенге дейін қазандықтардың жөндеуден өткенін айтып, қыстан қысылмай шығамыз деген болатын.
Серік Қайратұлы, «Кентау сервис» МК директоры:
- Биылғы қыстық маусымда 4 қазандық жұмыс істейді. Қалған 4 қазандық резервте болады. Сол қазандықты қайта құрудың нәтижесінде биыл жылу маусымында тұрақтылықты арттырып, соған ниеттеніп отырмыз.
Алайда өткен жылы жөндеуден өткен 4 қазандықтың қаланы толық жылумен қамтамасыз етуге күші жетпейді. Оны жауаптылар кеш түсінсе керек.
Талғат Ысқақов, Кентау қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы:
- 4 қазандық бізде штаттық режимде жұмыс істейді. «Бірақ профилактика», - дейді. 2 апта сайын қазандықтарды тазалап тұру керек. Тазалайтын кезде біреуін тоқтатып, тазалайды. Сол кезде бізде жылудың температурасы түсіп жатыр. 4 қазандықтың шамасы жетпей жатыр.
Оның үстіне жылу орталығына 600 нысанның артық қосылуынан көпқабатты үйлерге жылу жетпей қалған. Қазір жауапты бөлім мамандары 138 нысанның жылудан ажыратылуына қатысты сотқа талап арыз түсірген. Ал күрделі жөндеуден өтіп жатқан екі қазандық жақын арада іске қосылмайды. Демек тұрғындарға қыс біткенше амалдауға тура келеді.
Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш