Теміржолшылар модульді демалыс кешендерімен қамтылды
Ал теміржол дистанциясының қызметкерлері Маңғыстау облысында модульді демалыс кешендерімен толық қамтамасыз етілген. Соңғы жылдары Маңғыстау және Бейнеу теміржол дистанциялары арасындағы елді мекендерден қашық жерге озық үлгідегі 13 нысан қойылды. Әрқайсында сплит жүйе, жуынуға арналған және демалыс бөлмесі бар. Мұнда мамандар ас ішіп, ауысым арасында тынығады.
Наурыз Еспағанбетов — №16 теміржол бекетінің электромеханигі. Маңғыстау ауылының тұрғыны аптасына бес күн осы жерге қызметтік көлікпен қатынайды. Бұған дейін қызмет орны ескі нысанда болыпты. Электр құрал-жабдықтар тұрған ғимаратта демалып, ас ішуге тура келгенін айтады.
Наурыз Еспағанбетов, электромеханик:
-2022 жылы бізге жаңадан ғимарат беріп, осында көштік. Құрылғылардың барлығын осында көшіріп, қазір осы жердеміз. Жұмысымыздың арасында бір сағаттық үзіліс бар, түскі асқа. Қазір енді шүкір, жақсы. Демалатын орнымыз, обед ішетін жеріміз бар.
Мекеме қызметкерлері теміржол бойындағы автоматика және байланыс құрылғыларының ақаусыз жұмыс істеуін бақылайды. Осы арқылы жүк және жолаушылар поездарының кедергісіз әрі қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етеді. Аптап ыстық пен қытымыр қыста далада жүретін мамандарға қолайлы жағдай жасау көзделген.
Рүстем Теңізов, Маңғыстау белгі беру және байланыс дистанциясы бастығының орынбасары:
-2022-2023 жылдар аралығында 11 модульді демалыс ғимараты берілді. 2023 жылы тағы қосымша екі ғимарат берілді. Соның барлығы 5-класты бекеттерге орнатылды. Қазір сонда жұмысшыларымыз уақытылы демалады. Түскі ас ішеді. Соның ішінде барлық тұрмыстық бұйымның барлығы да бар.
Теміржол дистанциясында 243 адам жұмыс істейді. Мамандар қызметтік киім, күнделікті жұмысқа қажет құралдармен толық жарақтанған. Мекеме автопаркін жаңарту мәселесі де күн тәртібіне қойылған. Жуық арада жол талғамайтын төрт жүрдек көлікпен қамтылады.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев