Елімізде құмар ойынға құныққандар 350 мыңнан асады
Елімізде құмар ойындарға құныққандардың саны 350 мыңнан асады. Әрібірінің орташа қарызы - шамамен 10 млн теңге. Казинолар мен букмекерлік кеңселер, тіпті екі дүкеннің біріндегі ойын терминалдары ересектердің ғана емес, жасөспірімдердің де санасын улап жатыр. Оның соңы көп жағдайда қылмысқа ұрындырып, қоғамға қауіп тудыра бастады. Лудоманияға қарсы күресті күшейту үшін Парламентте жаңа заң жобасы қаралуда. Бүгінгі күннің өзекті мәселесін шешу жолдары қандай?
Бұл 19 жастағы жігіт - Ақтөбе облысының тумасы. Құмар ойынның қызығына емес, құрығына түсіп, қарызға белшесінен батқан. Бүйрегін 18 мың долларға сатпақшы болып, әлеуметтік желі арқылы хабарландыру берген. Жас жігіт ағзасын саудалау үшін Көкшетауға арнайы келген. Абырой болғанда, ағза саудасына тосқауыл қойылды. Онымен трансплантацияға сөз байласып, кездесуге полиция қызметкерлері барды. Ақша алу барысында қолға түскен күдікті қазір тергеуде.
Ербол Дүйсенбеков, Ақмола облысы ПД басқарма бастығының орынбасары:
- Қазір Қылмыстық Кодекстің 116-бабы бойынша факт тіркелді. «Адам ағзасын алып қоюға мәжбүрлеу оқиғасына қатысты заңсыз мәміле жасау» бойынша тергеу жүріп жатыр. Ауырлығы орташа қылмыс болғандықтан, күдікті 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Өкініштісі сол, дүние-мүлкін сатып, отбасын қаңғыртып жіберген ойынқұмарлардың саны көбейген. Ресми статистикаға сүйенсек, елімізде 350 мыңнан астам «лудоман» бар. Әрбірінің орташа қарызы - шамамен 10 млн теңге. Депутаттар дабыл қағып, ойынқұмарлыққа апаратын жарнаманың жолын кесуге шақырып отыр. Себебі ересек түгілі, желі арқылы мультфильм көруге бекінген бала алдымен онлайн казиноның жарнамасын тамашалауға мәжбүр. Ал қолданыстағы заңда казино қызметін жарнамалауға тыйым салынған. Алайда букмекерлік компанияларды насихаттауға рұқсат бар. Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаевтың айтуынша, қазір жаңа заң жобасы қарастырылып жатыр.
Дәулет Мұқаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Мәжіліске заң жобасы алдағы уақытта келіп түседі. Заңның новелласы дейді ғой, ол жерде сондай жарнамаға шектеу болады. Бірақ тек спорт бөлімінде ғана жарнамасы болады. Біз қазір бірінші кезекте лудомандардың барлығын жинақтау керекпіз. Яғни қандай да бір шектеулер қойып, кейін тағы заңдарға өзгеріс енгізіп, басқа да шектеулер бола беретіні анық.
Жыл басынан бері елдегі 326 лото клубтың қызметіне тоқсауыл қойылды. Арнайы операция барысында казиноларға тінту жүргізіліп, 23 атыс және травматикалық қару, 200 млн теңгеден астам ақша және 125 мың АҚШ доллары тәркіленді. Сондай-ақ өткен жылдың соңына қарай Туризм және спорт министрлігі арнайы чат-ботты іске қосты. Оған тұрғындардан интернет-казино мен заңсыз букмекерлердің қызметі туралы 100 астам өтініш түскен. Нәтижесінде 4,5 мыңға жуық сайт бұғатталған.
Әділет Тұрғанбаев, ҚР Туризм және спорт министрлігі комитеті төрағасының орынбасары:
- Чат-боттардың мақсаты – халықпен кері байланыс орнату. Яғни оны пайдалана отырып, азаматтарымыз лотерея және ойын бизнес саласында куә болған, өздерінің көрген фактілері бойынша бізге дереу хабарлай алады. Казиноға немесе букмекерлік кеңселердің веб-сайтына немесе заңсыз субъектілердің жарнамасына тап болған жағдайда бізге тиісті сілтеме жолдап, оны скринмен немесе видеомен растаса, тиісті шаралар қолданып жүрміз.
Психологтардың сөзінше, лудоманиядан арылу нашақорлықпен салыстырғанда, әлдеқайда қиын. Адам өзі есін жиып, құныққан ісін тыюға бет бұруы керек.
Балабек Сақтағанов, психолог:
- Психологияда психологиялық ауру болып табылады. Ауытқу емес, кәдімгі ауру. Лудоманияға түсіп кеткен адамдар міндетті түрде емделу керек. Мамандарға, психологтарға келіп, «емделемін» деген қадамының өзі адамның өз әрекетінің дұрыс емес екенін және жан-тәнімен беріліп кеткенін түсіну емделудің алғашқы қадамы болып табылады.
Статистикалық деректерге сүйенсек, елдегі 10 отбасының 7 осы құмар ойынның кесірінен шайқалған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл дертті «героинге тәуелділікпен теңесетін психикалық ауру» деп таныды.
Альмира Оразбай