Мемлекеттік сатып алу үдерісін жеңілдету керек
Жағдайды түбегейлі өзгерту керек. Премьер-министр мемлекеттік сатып алу үдерісін жеңілдетуді және жеделдетуді тапсырды. Олжас Бектенов: «Қазіргі сатып алу жүйесі бар жұмысты тежеп отыр»,- деп мәлімдеді. Салдарынан жаңа жобаларды іске асыру мен экономиканың даму қарқыны баяулайды. Сондықтан Үкімет басшысы мемлекеттік органдарға қысқа мерзімде сарапшылармен бірге қажетті шараларды пысықтап, оларды Парламент қарауындағы заңнамалық түзетулерге енгізуді тапсырды. «Сондай-ақ мемлекеттік сатып алуларда отандық тауарлардың үлесін едәуір көбейту керек»,-дейді.
Семей орманындағы өртке кінәлілерге жақында сот үкімі шығады. Бұл туралы Мәжілісте Бас прокуратураның өкілі мәлімдеді. Ал аталған апаттан 6 млн текше метр ағаш өртеніп, 63 мың гектар орман алқабының күлі көкке ұшты. Табиғатқа 160 млрд теңгеден астам шығын келген. Енді мұндайға жол беруге болмайды. Депутар Мәжілістегі Үкімет сағатында Экология және табиғи ресурстар министрімен бірге орман өртінің алдын алуды талқылады.
Дамир Берікұлы, шолушы:
- Орман өртінің алдын алу қиын болып тұр. Депутаттар келтірген дәйектер жаға ұстатады.
Елімізде соңғы жылдары орман өрті жиілеп кетті. 2022 жылы Қостанай облысының Әуликөл ауданында 40 мың гектер жасыл желекті қызыл жалын шарпыса, 2023 жыл Семей орманының өртімен есте қалды.
Былтыр одан бөлек 800 астам өрт дерегі тіркеліпті. Дәл осылай жыл сайын қайталанып келеді.
«Ал Қазақстанда орманды алқаптың көлемі – 13,7 млн гектар. Бұл ел аумағының 5% ғана. Оның өзін өрттен қорғай алмасақ, ормансыз қалуымыз мүмкін», - дейді депутаттар. Ал жауапты министр болса, қызыл жалынның алдын алу үшін өртті ерте анықтайтын бейнекамералар мен арнайы қондырғылар орнатылып жатқанын айтады. Мұндай технология Бурабай ұлттық табиғи паркінде 2021 жылдан бері бар. Нәтижесінде тілсіз жау бірнеше есе азайған. Одан кейін тағы 3 паркке орнатылған. Енді 8 табиғи паркке енгізу қажет. Алайда ол жоспарға енгізілмеген.
Абзал Бейсенбекұлы, Қаржы вице-министрі:
- Жалпы 2023 жылғы бюджетті нақтылау кезінде біз «Көкшетау» ұлттық табиғи паркі мен «Ертіс орманына» осы өртті ерте анықтау жүйесін орнатуға сәйкесінше 4,1 млрд теңге қарастырған болатынбыз. Енді 2024-2026 жылдарға бюджетті қалыптастыру кезінде Экология министрлігінен сәйкесінше өтінім келіп түскен жоқ.
Министрліктер мен әкімдіктердің былтырғы ірі өрттен сабақ алмағандығының тағы бір белгісі – осындай ерте анықтау құрылғылары басқаны былай қойғанда, сол Семей орманына да сатып алынбауы.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, Абай облысының орманшылары әр көктемде жасалатын минералды жолаққа, яғни топырақты жыртуға уақытында мән бермеген.
Құзырлы органдар: «Орман шаруашылықтары аумақты аралауды да тиісті деңгейде атқармайды», - дейді.
Ал Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның мәліметінше, 2024 жыл былтырғыдан да қатты ыстық болады деп болжап отыр. Сондықтан өрт қаупі биыл да күшеюі мүмкін. Бірақ біздегі орман шаруашылықтарының халі мүшкіл.
Ерлан Нысанбаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі:
- 2023 жылы министрлік табиғатты қорғау ұйымдарын материалдық-техникалық қамтамасыз етуін жақсартуға 13,4 млрд теңге бөлінді. Оған 303 арнайы көлік, 655 қосымша өртке қарсы көлік сатып алынды.
Саладағы тағы бір мәселе – маман тапшылығы. Мәселен, бір ғана Шығыс Қазақстан облысының өзінде орман шаруашылықтарына 200 астам қызметкер қажет. Орманшылардың жұмысы да оңай емес. Бір адам 3 мың гектарға жуық аумаққа жауапты. Ал еңбекақылары өте төмен.
Нартай Сәрсенғалиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Былтыр орман шаруашылығындағы өрт сөндірушілер 64 мың 349 теңге алып жүрді. Таңертең осы отырысқа дайындалғанда орман шаруашылығының азаматтарынан сұрасам, «1 қаңтардан бастап қосылды ғой, қанша болдым?» десем, «9 мың теңге қосылды», - дейді. 2025 жылы әйтіп-бүйтіп қосқаны Үкіметтің 164 мың 808 теңге болады екен. Оның пайыздарын алып тастасаңыз, 135 мың теңгенің шамасы болады.
Министр: «Орманшылардың жалақысын екі есе көтеруге тырысып жатырмыз», - дейді. «Саланы білікті мамандармен қамтамасыз ету үшін аталған мамандыққа грантты көптеп бөліп, шет елдермен тәжірибе алмасу қажет. Тіпті орманшыларды «Болашақ» бағдарламасымен оқыту керек», - дейді депутат Еділ Жаңбыршин. Орман шаруашылығына тың технология енгіземіз десек, ең алдымен табиғи парктердің аумағына қарапайым ұялы байланыс пен интернет желісін тарту қажет. Алайда ол қазір көп жерде жоқ.
Ерлан Саиров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Абай облысында өрт болған кезде орманшылар ұялы байланыстың істемейтіндігіне және орманның ішінде интернеттің жоқтығына тап болды. Негізінде сол жердегі орманшылардың айтуынша, азаматтардың көбінің қайтыс болу себебі – орманның ішінде олардың қолында ұялы телефон болмауы.
Яғни бір-бірімен байланысып, жағдайды жеткізе алмаған. Бірақ бізде ұялы байланыс пен интернет тұрмақ, кейбір орман шаруашылықтарында рация да жоқ. Одан қалды өртке қарсы киім-кешекпен де қамтамасыз етілмеген.
Ерлан Нысанбаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі:
- Биылғы жылға осы әдейі өртке арналған киім-кешек алуға есептедік. Бүкіл орман саласына 4405 дана керектігі белгіленді. Соған байланысты 918 млн ақша бөлінді. Соған біз бүгінгі күні алғанымыз бар-жоғы 2 мың. Биылғы көктемгі корректировкада қалған 2400 аламыз деп жоспарлап отырмыз.
Ал елдегі орман өрттерінің тұтануына не себеп? Министрдің сөзінше, бұған ең алдымен найзағай мен аптап ыстық әсер етеді. Кісілердің кесірінен болатын оқыс жағдайлар едәуір азайыпты. Демек ендігі жерде табиғаттың тосын мінезін ерте анықтай алатын дамыған технологияларға, ғылым мен білімге басымдық беру қажет. Мәжілістегі Үкімет сағатының түйіні осы.