Елде заманауи полиэтилен зауыты салынады
2029 жылы елде заманауи полиэтилен зауыты бой көтереді. Үкімет газды шикізат күйінде сатуды шектемек ниетте.
Премьер-министрдің сөзінше, өндірісті жолға қойып, дайын өнімді экспорттау қосылған құнды 20 есе арттырады. Бұл туралы Олжас Бектенов пен әлемдегі ірі мұнай-химия компаниялары басшыларының кездесуінде сөз болды.
Қытай мұнай-химия корпорациясының президенті Джао Донгпен және «СИБУР» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басқарма төрағасы Михаил Карисаловпен бас қосуда бірқатар жоба талқыланды. Келешекте қуаттылығы жылына 1,25 млн тоннаны құрайтын алғашқы интеграцияланған газ-химия кешені бірлесіп салынады. Бұл әлемдік қуаттың 1%-на тең полиэтилен өндірісі болмақ.
Олжас Бектенов 2030 жылға қарай жобаның жалпы ішкі өнімдегі үлесі 1,2%-ға жететінін мәлімдеді.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Біз мемлекет тарапынан ел экономикасы үшін маңызды жобаларды іске асыруда жан-жақты қолдау көрсетеміз. Сонымен қатар сіздер жергілікті қамту үлесін арттырады деп күтеміз . Ол үшін отандық өндірушілерден міндетті түрде сатып алынатын тауарлар мен жабдықтардың тізімін анықтау қажет. Біз қазақстандық мамандарды оқытуға және құзыреттер беруге ерекше көңіл бөлуіміз керек. Біз үшін жергілікті кадрларды, оның ішінде жобадағы басшылық лауазымдарға барынша тарту маңызды. Біз басқа бірлескен жобаларды іске асыру кезінде де осындай тәсілдер күтеміз.