Құрылыс кодексі: жобада шикілік көп
Бұл заң емес, реферат. Бір жылға жуық күткен құрылыс кодексінің жобасына Мәжіліс депутаттары осындай баға берді. Себебі мазмұны толық дерлік, бұрынғы заңдардың көшірмесі. Ал жаңадан енгізілді деген өзгерістер, ешқандай нәтижеге жеткізе алмайды. «Жалпы жобада шикілік көп»,— дейді. Құрылыс нысанын техникалық қадағалау, жемқорлыққа жол бермеу тетіктеріне қатысты да, нақтылық жоқ.
Мәжілістегі комитет отырысында залдың мұншалықты толуы сирек құбылыс. Тақырып өзекті болған соң бүгінгі жиында депутаттардан бөлек мүдделі орган өкілдері де көп болды. 10 минут ішінде өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Тимур Қарағойшин кодекстегі негізгі өзгерістерді атап, нақтырақ айтқанда оқып шықты. Ал кезек, сұрақ қоюға келгенде жағдай өзгерді. Көбіне бір сарынды, енді біріне күрделі терминмен немесе басқа органға сілтеу арқылы жауап берді. Арасында сұрағың орынсыз деп депутатқа шүйлігіп, тілінен сүрінді.
Құжат мазмұнын тыңдаған депутаттар оның әлі күнге шикі екендігіне таңданыстарын білдірді. Заңда қауіпсіздігі қыл үстінде тұрған сесмикалық аймақтар, соның ішінде Алматыда үйлерді салу ережесі нақытылануы керек болатын. Алайда әлі күнге ғимараттың биіктігі, халықтың тығыздығы сияқты ең қарапайым дүниелердің өзі қамтылмапты. Мәжілісмен Бақытжан Базарбек жаңа деп таныстырылған жобаның әр бабына жеке тоқталып, бұрынан бар салалық заңдардың көшірме жиынтығы екенін дәлелдеп, баяндамашының айыбын бетіне басты.
Бақытжан Базарбек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-177 бет, 34 бөлім, 200 баптан тұрады. Бар болғаны министрліктің қосқаны 3-4 бөлім ғана. Қалғандары сәулет, қала құрылысы туралы заңы. Жеке тұрғын үй құрылысы заңы және үлестік қатысу. Ешқандай жаңалық жоқ.
Тимур Қарағойшин, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрінің орынбасары:
- Адамға атардың алдында да сөз береді ғой. Сондықтан жұмыс тобының алдында жауап береміз. Дұрыс болмаса, дұрыс емесін мойындаймыз. Қарағанымызды дәлелдейміз.
Әлеуметтік нысандарды салу, оның сапасын қадағалау, құрылыстағы жемқорлықты жою бойынша да жаңа нормалар енгізілмеген. Бұл білместіктен емес, алпауыт құрылыс компанияларының мүддесі үшін әдейі жасалған деген күдік бар. Осыны айтқан депутаттар бір жыл бойы әзірленген кодексті рефератқа теңеді. Келесі отырысқа нақты ұсыныстармен келуін талап етті.
Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Аманжол Байғазин