Кәсіпкерлікке не кедергі?
Шағын және орта кәсіпкерлерге теріс әсер етуші факторлар көбейген. Ұлттық банкі өкілдерінің айтуынша, олардың саны 10-ға жуық. Мәселен, экономика жағдай, салық деңгейі, кадр тапшылық мәселелері бар. Салдарынан кәсіпорындар жабылып жатыр. Соның бірі — балдан сусын дайындайтын өндіріс. Ал кәсіпкер: «Елімізде салықтың жөні де, жөнсізі де бар»,— дейді. Сол компанияда жұмыс істеп келген 12 адам жұмыссыз қалаған. Дегенмен елде кәсіпорын өндіріс тоқтағанымен, шетелдіктердің қызығушылығы артыпты.
Әлеуметтік желіде видеожазбамен халықтың назарына іліккен кәсіпкердің жан-айқайын білуге тырыстық. Ал аты шулы цехтың жұмыс істегеніне 5 жыл болыпты. Кәсіпкер оны ашу үшін 400 миллион теңге жұмсап, біраз шығынға батыпты. «Енді қалтаға қаржы түсті дегенде, салық алқымымнан алды»,— дейді кәсіпкер.
Алмас Сетербаев, кәсіпкер:
-5 жылдағы салығымыз Үкіметке 66 миллион теңге төледік. Біздің компания бір де бір рет нөлге шықпаған. Бір рет пайда көрмеген компаниямыз. Бірақ біз 66 миллион теңге салық төлеп отырмыз. Бүгінгі күнге дейін. Біз өнім шығарар алдында жоқ дегенде бір ай бұрын 2 салық төлеу керекпіз. Өнім шыққан соң, ақша түсті ме, түспеді ме тағы бір салық төлеуіміз керек. Пайдаға шығып қалдық па, 4 салығымыз бар.
Кәсіпкердің айтуынша, жабылса да, 2 миллион теңге салығы бар. Себебі балдан өнім жасағандықтан, оны тек алкогольдік өнімді шығарушы ретінде тіркеген. Сондықтан Алмас Сетербаев салықтан көз ашпаған. Оны ауылшаруашылық өнімін шығарушы ретінде тіркесе деген өтініші де болыпты. Себебі мұндай практика Өзбекстанда бар екен. Яғни сонда салынатын салықтың салмағы ауыр болмайды. Қазірдің өзінде еліміздегі кәсіпорын жабылғанымен, шетелдіктер көз тігіп отыр. Шығыстағы көршіміз Қытай мен қырғыз ағайын кәсіпті қолдап, жер беруге дайын екен. Ал сарапшылар шағын және орта кәсіпкерлерге қысым барын айтады.
Асқар Қисықов, экономист:
-Елімізде шағын және орта кәсіпкерлер қаржы айналымын көбейтуге айтарлықтай ұмтылмайды. Себебі олардың алдын орайтын салық деген үлкен мәселе тұрады. Жалпы қаржы айналымы 70 миллион болса, қосымша құн салығы - 12%. Сондықтан олардың айналымдағы қаржылары аз. Егер бізде салық режимі кәсіпкерлерге негізделсе, еш кедергісіз дамушы еді. Кәсіпкерлер де жақсы жұмыс істеуші еді. Президент те кәсіпкерлерге жағдай жасалсын деп арнайы тапсырма берген болатын. Сондықтан алдағы уақытта салық режимінде, жалпы кәсіпте оң өзгерістер болады деп ойлаймын.
Былтырдан бері сол 12% салықты 16% көтеру талқыланды. Дегенмен Президенттің пәрменімен салықтың көлемі өзгермеді. Сол кәсіпкерлердің ахуалын Ұлттық банк бақылайды. Әр тоқсан сайын сауалнама нәтижесінде расымен де дамуға кедергі факторлар бар.
Асан Ахметжан, ҚР Ұлттық банкінің баспасөз хатшысы:
-2023 жылдың 4-ші тоқсанына сауалнама 3500 мыңға жуық кәсіпорында жүргізілді. Олардың өкілдері бизнеске кедергі келтіретін 8 негізгі кедергіні атады. Көпшілігі ең басты кедергі ел экономикасының жағдайы деп санайды. Одан бөлек, бәсекелестік, салық деңгейі, білікті мамандардың тапшылығы мен сатып алушылардың аздығы бар. Сонымен қатар регуляторлық өзгерістер, дебиторлық берешек және қаржыландыру күрделілігі де ықпалын тигізеді.
Былтыр жыл соңында 27 мыңнан астам компания жабылды. Оның басым бөлігі - шағын және орта кәсіпкерлер. Сарапшылардың айтуынша, олардың нарықтан кетуіне қосымша құн салығы қатты әсер еткен. Ал кәсіпті дөңгелетуге мемлекеттен көп қолдау қажет.
Авторлары: Диана Қадыр, Эльмира Ахметова