Қазақстандық бітімгерлер БҰҰ миссиясына дайын
Қарулы Күштердің бітімгершілік контингентінің алғашқы легі үш күннен кейін жолға шығады.
Олар Таяу Шығыстағы Голан жоталарына аттанады. 240 адамның арасынан іріктеліп алынған 139 бітімгер 6 ай бойы арнайы дайындықтан өтті.
Алматы облысындағы «Бітімгер» оқу-жаттығу орталығында іріктеп алынған 139 сарбаз миссияға тыңғылықты дайындалып жатыр. Олар шартты түрдегі базаны күзету, тосқауыл бекетіндегі қызметті қалай атқару керектігін пысықтады. Өткелден өтуге келген көліктен бастап, жаяу жүргіншіге дейін мұқият тексеріледі. Голан жоталары қауіпті аймақ болғандықтан, қарулы топқа тойтарыс беруді де машықтанған жөн.
Еске сала кетейік, 19 қаңтарда Парламент Президенттің БҰҰ миссияларына қатысу үшін Қазақстанның бітімгершілік контингентін жіберу туралы ұсынысын қолдаған еді.
Бауыржан Нығметуллин, ҚР ҚМ Kazcent бітімгерілік дайындық орталығының бастығы:
- Өткен жылдың желтоқсанында БҰҰ келген комиссия біздің жасақтың дайындығын жоғары бағалады. Енді біз өз бетінше бітімгерлік миссиясын атқару мандатына ие болдық. Қазақстан мен БҰҰ арасында меморандум да жасалған. Біздің бітімгерлер алғаш рет қару-жарақ және арнайы техникамен барады.
Бітімгерлеріміз Израиль мен Сирия арасындағы Голан жоталарының бір бөлігіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Аумақты жарылғыш заттардан тазарту үшін арнайы жаттығудан өткен взвод жұмыс істейді. Бір жылдық миссияның құрамына медициналық қызмет мамандары да енді. Олардың жетеуі нәзік жандылар.
Ардақ Күртебаева, санитарлық нұсқаушы:
- Бұл менің шетелдік бірінші тәжірибем емес. 2020 жылы Ливан мемлекеті Бейрут қаласында жарылыс салдарынан науқастарға осы Қазақстан атынан 30 медициналық қызметші барған болатынбыз. Сол кезде мен көмек көрсету құрамында болдым.
Бітімгерлердің алғашқы тобы 22 ақпан күні жолға шығады. Олар Сирияның Дамаск қаласы арқылы Голан жоталарына барады. Ал негізгі құрам 14 наурызда әскери сарапға аттанады.
Аршын Кемелжан, Сержан Жұмабаев