Түменде домбыра үйірмесі ашылды
Түмен қазақтары ұлттық аспап мектебін ашты. Қазір шағын білім орнында он шақты оқушы домбыра тартуды үйреніп жүр. Сабақ тегін. Жеткіншектер келешекте ұлттық ансамбль құруға ниетті. Бастама Түмен облысы қазақтарының ұлттық-мәдени автономиясының ұйымдастыруымен қолға алынған. Ұйым осы өңірді мекендейтін қандастарымызға қазақ тілін үйретіп, салт-дәстүрімізді дәріптеумен айналысады. Ресми деректер бойынша, қазір Ресейдің Ханты-Манси және Ямал-НЕнец автономиялық округтерімен бірге, Түмен облысында 40 мыңға жуық қазақ тұрады. Соңғы 10 жылда мұндағы қандастарымыздың саны 20 мыңға көбейген.
Асқар Қалиев, Түмен облысы қазақтарының ұлттық-мәдени автономиясының мүшесі:
-Біздің ұйымымыздың мақсаты қазақтың салтын, дәстүрін, тілін сақтап қалу. Қазір, Құдайға шүкір, мектебімізге келіп ана тілін үйреніп, ұлттық аспаптарымызда ойнағысы келетін балалар қатары көбейіп келеді. Біз де оларға қолдан келгенше барлық жағдайды жасауға тырысып жатырмыз. Ұлтымызды жерге қаратпайды ғой деп ойлаймын.