Биыл мұсылман үшін қасиетті Рамазан айы 11 наурызда басталады
Мұны Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы хабарлады. Ал Қадір түні сәуірдің 5-інен 6-на қараған түні болады. Отыз күнгі ораза сәуірдің тоғызы аяқталып, 10 сәуір Айт мерекесін тойлау басталады. Биылғы пітір садақасының мөлшері жан басына 640 теңге. Дін қызметкерлері жылдағы дәстүр бойынша қайырымдылық іс-шараларын ұйымдастырады. Сондай-ақ осы жылы да дәстүрлі Исламды дәріптеуге басымдық беріледі. Осы жылды Мүфтият Ислам және дәстүр құндылығы жылы деп жариялаған.
Наурызбай Қажы Тағанұлы, ҚМДБ төрағасы, бас мүфти:
-Осы тұста айтып кететініміз, қазір енді біздің ұлттық құндылығымыз, дәстүріміз дәріптелетін кезде, әсіресе жылда болып жатқан ораза кезінде кейде біздің сәресін «сухур» деп айтып жүргендер бар, ауызашарды «ифтар» деп айтып жүргендер бар. Сондықтан біз халқымызға осы кездері сәресі деп айтуды, ауызашар деп айтуды сұраймыз. Бұл біздің ата-бабамыздың ұстанған жолын дәріптеу және оны кеңінен насихаттау болып есептеледі.