Хабар телеарнасы

Қазақстан құрамасы Австриямен алаңға шығады

Ертең Қазақстан құрамасы Австриямен алаңға шығады. Ұлттар лигасындағы матч Алматының орталық стадионында өтеді. Құраманың бас бапкері Станислав Черчесов ойыншылардың жағдайына тоқталып, алдағы матчқа қатысты өз пікірін білдірді. Ресейлік маман Рамазан Оразовтың соңғы жиынға не үшін шақырту алмағанына түсінік берді. «Рамазан қазір командасында негізгі құрамда ойнап жүрген жоқ. Кейінгі жиындардың бірінде ол өзін қолайсыз сезінді. Біз оған әлі сенім артамыз», - деді Черчесов. Австрияға қарсы Нұрәлі Әліп пен Ислам Чесноков ойнамайды. Олардың орнына жастар шығуы мүмкін. Түркия чемпионатында доп тебетін Абат Айымбетов пен Бақтияр Зайнуддинов та ұлттық құрамаға қосылды. «Бір ай бұрын Линц қаласындағы кездесуде Австрия 4:0 есебімен басым түскені белгілі. Бұл жолы біздің жігіттер есе қайтаруға тырысамыз», - дейді.

Мейрамбек Қалмырза, футболдан ұлттық құрама мүшесі:

-Команда жақсы қарсы алды. Үлкен ағаларымыз өз тәжірибесімен бөлісіп, бізге жақсы кеңес беріп жатыр. Австрия командасын білеміз мықты екенін. Біз де өз алаңымызда жеңілмеуге тырысамыз. Жақсы ұпай алып, жанкүйерлерге жақсы көңіл күй сыйлаймыз деп ойлаймын.

Жан Әли Пайруз, футболдан ұлттық құрама мүшесі:

-Көңіл күйіміз жақсы әдеттегідей. Дайындалып жатырмыз. Алда өте маңызды екі ойын күтіп тұр. Сол барымызда салып елімізді қуантамыз деп үміттенемін.