Тұрмыстық қалдықтарды басқару ісі ақсап тұр
Проблемадан құтылудың ең оңай жолы – қоқысты көме салу не үйе салу. Премьер-Министр Үкіметтің отырысында орталық және жергілікті атқарушы органдардың жұмысын сынға алды. Олжас Бектенов баяндама жасаған Экология министріне де шүйлікті. Ол қалдықтарды қайта өңдеуге қатысты, 45 жобаның пысықталғанын, оның ішінде 37 зауыт жаңадан салынатынын айтқан еді.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:
-Маған алдын ала берілген ақпаратқа сәйкес 35 жаңа зауыт салынады деген. Ал сіз баяндамаңызда 37 жаңа зауыт салынады деп айттыңыз. Тағы екеуі қайдан қосылды?
Ерлан Нысанбаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі:
-Тағы екеуі Астана қаласынан қосылып отыр. Кеше баяндамаға қосылған, кешірім сұраймын. Слайдта алдын ала біз өткен аптада беріп қойғанбыз.
Қалдықтарды қайта өңдейтін зауыттар іске қосылған кезде жылына 1 млн 200 мың тонна қоқыс өңдейтін болады. Сондай-ақ жылына 3 млн тонна қалдық сұрыптауға мүмкіндік беретін 21 жоба бекітіліп отыр. Оның 19-ы жаңадан іске қосылмақ. Қалдықтарды басқару бағытын қаржыландырудың жеңілдетілген тетігі енгізіліп, 3-тен 15 жылға дейін 3% несие беруді көздейді. Қазіргі күні құны 232 млрд теңгеге жететін 94 жоба іріктелген. Қалдықтарды өңдеу есебінен тас төсеніш, темір қақпақ, шыны ыдыстар мен көлік бамперлері сияқты дайын өнімдер шығарылады. Айта кету керек, өткен жылы 4 млн 100 мың тонна коммуналдық қалдық жиналған. Оның 1 млн тоннасы ғана қайта өңделген.