Хабар телеарнасы

600 балалар дәрігері жетіспейді

Қазақстанда балалар дәрігері жетіспейді. Қазірдің өзінде 600 орын бос тұр. Бұл туралы Сенатта өткен жалпы отырыста айтылды. Мәселені шешу үшін екі жыл бұрын педиатр мамандығына бөлінетін грант саны 200-ден 500-ге дейін көбейтілген. Мамандар енді бірнеше жылдан түлектердің осы легі оқуын бітіргенде кадр тапшылығы шешіледі деген үмітте. Қазір елімізде 4 мыңнан астам педиатр жұмыс істейді. Депутаттар дәрігерлер қызметін бағалау жүйесін жетілдіру жайын да талқылады

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
-Ұлттық статистика бюросы жүргізген сауалнамаға сәйкес еліміздегі жедел жәрдем қызметіне халықтың 56% көңілі толмайды. Одан бөлек медициналық мекемелерде кезектің көптігі, мамандардың тапшылығы, дәрі мен қызметтің қымбаттығынада наразы. Ал сапасыз қызметке арызданса, ол іс сол ұйымның жанындағы комиссияда қаралады. Ондай мамандар медициналық мекемелерден жеке тәуелсіз болуы керек.

Мәулен Әшімбаев Сенат кулуарында қоғамда резонанс тудырған Қуандық Бишімбаевтің сот ісіне қатысты пікір білдірді. «Алдағы сот шешімі объективті, әділ және заңды болатынына күмәнім жоқ. Бұл жерде ешкім қандай да бір айлаға барады деп ойламаймын»,— деді спикер. Бұл сот процесі мен тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңнамалық күшейтулер қоғамда үлкен өзгеріс әкелуі мүмкін деген ойымен де бөлісті. Қазір қоғам әйелдерді тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғауды талап етіп отыр. Айта кетейік, бірер күн бұрын атышулы іс бойынша алдын ала сот тыңдауы өтті. Бишімбаев кінәсін мойындаған жоқ және алқабилерге жүгінгісі келетінін жеткізді. Келесі сот отырысы 27 наурызға белгіленген.

 

.