Маңғыстау облысында Көрісу мерекесі кең көлемде тойланып жатыр
Аймақ жұртшылығы жылдағы дәстүрінен жаңылмай «Адай ата – Отпан тау» тарихи мәдени кешенінде бас қосты. Құшақ жая көрісіп, аға буын жастарға ақ батасын берді. Қаратаудың етегінде ат бәйгесі, палуандар күресі және мерекелік концерт ұйымдастырылды. Каспий жағалауында да түрлі іс-шаралар өтіп жатыр.
«Амал келді - жыл келді», бір жасыңызбен ағайын! Өзіңізге мәлім, көрісу мейрамы Маңғыстауда 13 наурыздан бастап тойланады. Кеше Отпан таудың басына барған көпшіліктің қарасы қалың болды. Халық емен-жарқын көрісіп, атшабыс, театрландырылған қойылымды тамашалады. Бауырлас түрік, өзбек және қарақалпақ ұлтының өнерпаздары арнайы келіп, ұлық мерекенің маңызын арттыра түсті. Ән мен жырдан шашу шашып, көрермен қошаметіне бөленді.
Ирфан Гөрдал, «Қырғыз, Түрік, Манас» университетінің оқытушысы:
-Наурыз - түркітілдес халықтарға ортақ мейрам. Ал қазақ ұлтының Көрісу күнін «Амал келді - жыл келді» деп 14 наурызда тойлауында үлкен мән-мағына жатыр. Таудың басында киіз үйлер тігіп, бірлік отын жағуы мені қайран қалдырды. Бұл дәстүр ертеден бастау алғанын естіп, ата-салтын ұлықтаған бауырлас елге құрметім арта түсті. Мереке құтты, қазақ жерінде тыныштық болсын.
Оңайша Мандоки, қазақ тілі оқытушысы:
-Маңғыстаудың қазақы керемет тойына тап болдым. Өте қуаныштымын. Барлық салт-дәстүр, әдет-ғұрып бәрі бар екен. Менің бала кезімде, ол енді 60-70 жылдары. Сонда ұйқыдан тұрамыз да бірден жүгіріп, көршілерімізге барып көрісіп, осы Наурызбен құттықтаймыз. Сол уақытта ата-әжелер «Ой, айналайын. Жасың ұзақ болсын» деп бізге тәтті, сарысекер, ірімшік, кәмпит сондайларды беретін. Біз 14-де тойладық Наурызды.
Көрісу күні маңғыстаулықтардың көшеде немесе жұмыс орнында ұлттық киіммен жүруі көз қуантады. Мемлекеттік қызметшілер, еңбек ұжымдары биыл да ата-дәстүрден жаңылған жоқ. Амал мейрамында облыстың барлық елді мекенінде мәдени-спорттық іс-шаралар өтіп жатыр. Біз тұрған теңіз жағалауында таңертеңнен бері шахмат, арқан тарту, ләңгі тебу, таяқ тарту секілді ұлттық спорт сайысы жалғасуда. Кешке қарай дала сахнасында мерекелік концерті өтеді.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев